1476

Аргентинада Мессиге арналған әлемдегі ең биік ескерткіш ашылды

Мессидің даңқы тасқа қашалып, әлемдегі ең биік ескерткіш жанкүйерлерді таңғалдырды.

Аргентинада Мессиге арналған әлемдегі ең биік ескерткіш ашылды
FIFA World Cup 2026 - Group J - Argentina v Algeria / X

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аргентинаның Кутраль-Ко қаласында әлемдегі ең биік Лионель Месси мүсіні ашылды. Футбол аңызына арналған алып монументтің биіктігі 26 метрге жетеді.

Неукен провинциясында өткен салтанатты рәсімде сегіз дүркін «Алтын доп» иегері, әлем чемпионы Лионель Мессиге арналған ерекше ескерткіш таныстырылды.

Мүсінді жергілікті суретші Альдо Бероис жасаған. Ескерткіште Месси Аргентина құрамасының жейдесінде тізерлеп отырған күйде бейнеленген. Оның бір қолы жоғары көтерілген, ал екі тізесінің арасында әлем чемпионатының кубогы орналасқан.

Монументтің биіктігі – 26 метр, салмағы – 70 тонна.

Бастапқыда мүсіншіге футболшының нақты өлшеміндегі, яғни бойы 172 сантиметр болатын нұсқасын жасау ұсынылған. Алайда Альдо Бероис мұндай көлем Мессидің спорттағы жетістіктерін толық көрсете алмайды деп есептеген. Кейін қала билігі 26 метрлік ауқымды жобаны мақұлдаған.

Лионель Месси соңғы күндері футбол тарихындағы тағы бір маңызды белесті бағындырды. Ол алты әлем чемпионатына қатысқан алғашқы футболшы атанды. Кейін бұл жетістікті оның ұзақ уақыттағы қарсыласы Криштиану Роналду да қайталады.

Сондай-ақ Аргентина құрамасының капитаны Алжирге қарсы матчта әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша Германиялық Мирослав Клозенің рекордын қайталады.

Мессиге арналған жаңа ескерткіш оның футболдағы жетістіктеріне ғана емес, Аргентина халқы үшін ұлттық символға айналған тұлғасына көрсетілген құрмет ретінде бағаланып отыр.

Материал авторы