1689

Лионель Месси әлем чемпионаты тарихындағы жаңа рекордты бағындырды

Месси Германия аңызы Мирослав Клозенің ұзақ жылдар бойы сақталған көрсеткішін жаңартты.

Лионель Месси әлем чемпионаты тарихындағы жаңа рекордты бағындырды
FIFA World Cup 2026 - Group J - Argentina v Algeria

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси футболдан әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп гол соққан ойыншы атанды. Ол бұған дейінгі рекорд иесі саналған Германия шабуылшысы Мирослав Клозенің көрсеткішін жаңартты.

Месси 2026 жылғы әлем чемпионатындағы топтық кезеңнің екінші турында Австрия құрамасына қарсы кездесуде тарихи голын соқты. Ойын 22 маусымда АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласындағы AT&T Stadium стадионында өтті.

Аргентиналық шабуылшы матчтың 38-минутында есеп ашып, әлем чемпионатының финалдық кезеңдеріндегі 17-голын тіркеді. Осылайша ол турнир тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде жеке дара көш бастады.

Бұған дейін бұл рекорд 16 гол соққан неміс футболшысы Мирослав Клозеге тиесілі еді. Үшінші орында 15 голы бар бразилиялық Роналдо тұр. Ал француз Килиан Мбаппе мен неміс Герд Мюллер 14 голдан жинаған.

Мессидің Австрия қақпасына соққан добы Аргентина құрамасы сапындағы 201-ойындағы 121-ші голы болды.

Бұған дейін 38 жастағы футболшы әлем чемпионаттарына алты рет қатысқан алғашқы ойыншы ретінде тарихқа енген еді. 2022 жылы ол Аргентина құрамасын әлем чемпионатындағы жеңіске жеткізген.

2026 жылғы әлем чемпионаты Мессидің мансабындағы соңғы мундиаль болуы мүмкін. Футболшы бұған дейін келесі әлем чемпионатына қатысу жоспары жоқ екенін айтқан. 24 маусымда Лионель Месси 39 жасқа толады.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтіп жатыр. Биыл турнир тарихында алғаш рет 48 құрама қатысып, жарыс 19 шілдеде аяқталады.

Материал авторы