Елімізде бетін тұмшалағаны үшін 1600-ден аса адам жазаланған
Қазақстанда бет-жүзін жасыратындарға қатысты талап күшейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бетін тануға кедергі келтіретін киім киген азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай талапты бұзған 1600-ден астам адам жауапқа тартылған.
Ішкі істер министрлігі азаматтарға қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдерді киюге тыйым салынғанын еске салды.
Министрлік бұл талаптың «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңында қарастырылғанын атап өтті. Алайда шектеу ауа райына байланысты жағдайларға, сондай-ақ медициналық себептерге қолданылмайды.
Сондай-ақ тыйым қызметтік міндеттерін орындау кезінде, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу барысында қолданылмайды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабына сәйкес, ережені алғаш рет бұзған азаматқа ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Қазіргі уақытта осы талапты бұзғаны үшін 1613 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ІІМ өкілдері бұл норманың басты мақсаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау екенін мәлімдеді.
Материал авторы