865

Астанада 7 баланың әкесі ток соғып қаза тапты

ҚТЖ қызметкері жұмыс кезінде көз жұмғаны белгілі болды.

Астанада 7 баланың әкесі ток соғып қаза тапты
istockphoto.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы теміржолдың электрмен жабдықтау қосалқы станциясында жұмыс істеп жүрген 43 жастағы электромеханик қаза тапты. Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның артында жары мен жеті баласы қалған.

Оқиға туралы Egovpress Telegram-арнасы таратқан. Алдын ала ақпарат бойынша, қайғылы жағдай Астана станциясындағы тарту қосалқы станциясында болған.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, қызметкер контакт желісінің фидер ұяшығына кірген кезде жоғары кернеулі токқа түсіп қалған.

Оқиға дерегін кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы да растады. Компания мәліметінше, қайғылы жағдай 14 маусымда болған.

«Осы факт бойынша белгіленген тәртіппен тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері арнайы комиссия жұмысының қорытындысы бойынша анықталады. Тергеу аяқталмайынша, болған жағдайдың нақты себептері туралы қорытынды жасауға ерте», – деді компанияның баспасөз қызметі.

ҚТЖ өкілдері тексеру жұмыстарына барынша көмектесіп жатқанын айтып, қаза тапқан қызметкердің жақындарына көңіл айтты.

Қосалқы станцияда нақты не болғаны және қауіпсіздік талаптарының бұзылған-бұзылмағаны тек тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет бойынша, марқұмның артында әйелі мен жеті баласы қалған.

Материал авторы