Янаның өлімі, Жангелдиндегі отбасы: Атыраудағы резонанс қылмыстарды ашқан тергеуші туралы не белгілі
Мамандар Атыраулық Шерлоктың ұсақ детальдарды жібермей, күрделі істерді жан-жақты талдай алатынын айтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ішкі істер министрлігі Атырау облыстық полиция департаментінің тергеушісі Темірхан Хажмұратовтың қызметі туралы мәлімет таратты. Ол өңірдегі бірқатар резонансты қылмыстарды ашқан маман ретінде аталып отыр. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.
ІІМ медиапорталының мәліметінше, кез келген қылмыс өз ізін қалдырады. Сол ізді табу, дұрыс талдау жасап, оқиғаның толық картинасын қалпына келтіру – тергеушінің негізгі міндеті.
Атырау облысы полиция департаментінің тәжірибелі тергеушісі Темірхан Хажмұратов үшін бұл жай ғана жұмыс емес, өмірлік ұстанымға айналған қызмет.
Жылдар бойғы тәжірибесінде ол принципшіл, мұқият және күрделі қылмыстық істерді шешуге қабілетті маман ретінде танылған.
Ведомство мәліметінше, оның аналитикалық ойлау қабілеті, ұсақ детальдарға мән беруі және із қалмағандай көрінетін істерден де шешім таба алуы әріптестері мен журналистер арасында бейресми түрде «Атыраулық Шерлок» деген атаққа ие болуына себеп болған.
Темірхан Хажмұратовтың кәсіби тәжірибесінде қоғам назарын аудартқан бірнеше ауыр қылмыстық іс бар.
Солардың бірі – Яна Легкодимованың өліміне қатысты тергеу. Бұл іс қоғам мен БАҚ тарапынан ерекше бақылауда болған.
Сонымен қатар Жылыой ауданында 7 жасар қызға қатысты аса ауыр қылмыс ісі де оның тергеу тәжірибесінде ерекше орын алады. Тергеу тобының мұқият жұмысы нәтижесінде қылмыс толық ашылып, кінәлі тұлға сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Индер ауданында екі баланың қаза болуына байланысты трагедия да күрделі істердің бірі ретінде аталады. Тергеу барысында барлық мән-жай анықталып, жиналған дәлелдер соттың айыптау үкім шығаруына негіз болған. Бұл іс бойынша да сот үкімі – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы.
Тағы бір резонансты іс Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің қаза болуына қатысты қозғалған. Қазіргі таңда тергеу аяқталып, іс сот қарауына берілген.
Тергеушінің өзі бұл қызметте ең бастысы – жылдамдық емес, шындықты толық әрі объективті анықтау екенін айтады. Оның пікірінше, әрбір дерек пен әрбір айғақ мұқият тексерілуі тиіс, өйткені тергеу сапасы адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді.
Әріптестері оны жоғары жауапкершілігімен, сабырлылығымен және қызметке адалдығымен сипаттайды.
ІІМ таратқан мәліметте оның сырттай байсалды мінезінің артында үлкен тәжірибе мен табандылық жатқанын, істі толық анықтамай тоқтамайтыны атап өтілген.
Тергеуші жұмысы көп жағдайда қоғам назарынан тыс қалса да, дәл осындай мамандар заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әділдіктің орындалуына тікелей ықпал етеді.
Темірхан Хажмұратовтың кәсіби жолы – антқа адалдықтың, заң үстемдігін сақтау мен қоғамға қызмет етудің айқын үлгісі.
Материал авторы