1095

«5 мың теңгеге түскен»: Маңғыстаулық бала интернет жұлдызына айналды (ВИДЕО)

Мал баққан баланың видеосы жұртты сүйсіндірді.

«5 мың теңгеге түскен»: Маңғыстаулық бала интернет жұлдызына айналды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы жасөспірім әлеуметтік желіде кең тараған би трендіне түсу арқылы күтпеген жерден танымал болып кетті. 14 жастағы Бекарыс Төлебаевтың видеосы қысқа уақыт ішінде миллиондаған қаралым жинаған.

Желіде кең тараған Let me be атты би тренді соңғы айларда TikTok пен Instagram платформаларында үлкен танымалдыққа ие болған. Сол трендке түскен қарапайым ауыл баласының видеосы көпшіліктің назарын аударды.

Вирусқа айналған ролик Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Дәулет ауылында түсірілген. Басты кейіпкер – мектепте оқитын, үй шаруасына көмектесіп жүрген 14 жастағы Бекарыс Төлебаев.

Видеоны түсіру идеясын блогер Бауыржан Төлебаев ұсынған. Оның айтуынша, түсірілім мүлде жоспарланбаған және кездейсоқ форматта өткен.

«Ұлым Исатай мобилограф болды. Ал басты кейіпкер – менің ағамның баласы, көршіміз Бекарыс. Сол кезде ол қорада шаруамен жүрген. Шақырып алып, видеоға түсуін өтіндім. Алдымен келіспеді. Сосын әзілдеп: “5 мың теңге беремін” дедім. Сол сәтте келісе кетті. Камераға бір-ақ рет қарады. Арнайы дайындық болған жоқ, бәрі қораның ішінде кездейсоқ түсірілді де, бірден желіге жүктелді», – дейді автор.

Блогердің айтуынша, бұған дейін бұл тренд екі рет түсірілгенімен, видеолар 40 мыңнан артық қаралым жинамаған.

«Негізі бір нәрсе жетіспей тұрған сияқты болды. Содан техника ретінде көтергішті қосу идеясы туды. Ауылда, шаруашылықпен айналысып жүріп миллион қаралым жинау – үлкен жетістік», – дейді ол.

Қазір видео әлеуметтік желілерде қарқынды таралып жатыр. Пайдаланушылар роликтің шынайылығын, ауыл атмосферасын және жасөспірімнің табиғи харизмасын ерекше атап өтуде.

Бүгінде бейне 1 миллионнан астам қаралым, 100 мыңнан астам лайк және 5 мыңнан аса пікір жинаған.

Материал авторы