Алтыншы сынып оқушысы мұғалімі ұрған соң өзіне қол салды (ВИДЕО)
Құқық қорғаушылар оқушыға қатысты күш қолданылғанын айтып, істі бақылауға алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өзбекстанның Бұлақбасы ауданында алтыншы сынып оқушысының өліміне қатысты тексеру жүріп жатыр. Құқық қорғаушылар бұл жағдайға мұғалімнің баланы жазалау кезіндегі әрекеті себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы адам құқықтарын қорғау жөніндегі «Эзгулик» қоғамының өкілі Абдурахман Ташанов мәлімдеген.
Оның айтуынша, оқиға 2026 жылдың 5 наурызында болған. №22 мектептің алтыншы сынып оқушысы сабақтан кейін үйіне барған соң қайғылы жағдайға тап болған.
Сот-медициналық сараптама барысында баланың денесінде жарақаттар анықталған. Тексеру материалдарына сәйкес, сынып жетекшісі оқушыны ағаш таяқпен ұрғаны айтылған.
Құқық қорғаушының мәліметінше, мұндай жазаға мұғалім баланың сыныптас қызға қатысты жасаған әрекетін себеп еткен.
Оқиғадан кейін бала ауыр психологиялық күйде үйіне қайтқаны хабарланды. Қазір жағдайға байланысты тексеру жүргізіліп, істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Құқық қорғаушылар мектептердегі балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және мұндай жағдайларға құқықтық баға беру қажеттігін атап өтті.
Материал авторы