Мессидің 100 жастағы жанкүйері тарихи ойынды көруге келді
Месси гол соққан сәтте қарт жанкүйердің көз жасы миллиондаған көрерменді тебірентті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, футбол тарихындағы тағы бір ерекше сәт — 2026 жылғы әлем чемпионатында 100 жастағы жанкүйердің стадионда жеке өзі пайда болуы жұрттың назарын аударды.
Аргентина мен Австрия арасындағы матч кезінде әлемдік футбол жұлдызы Лионель Месси тарихи рекорд жаңартты. Дәл сол сәтте трибунада отырған ең қарт жанкүйерлердің бірі — 100 жастағы америкалық блогер Полин Кана ерекше эмоциясымен көзге түсті. Ол әлеуметтік желілерде «Gangster Granny» деген лақап атпен танымал.
Месси рекордтық гол соққан кезде қарт жанкүйердің көз жасына ерік беруі көрермендер үшін ең әсерлі сәттердің біріне айналды. Бұл кадрлар желіде кең таралып, миллиондаған қаралым жинады.
Полин Кана бұған дейін де Месси қатысқан матчтарға бірнеше рет барған. Ол тіпті бірде әзіл түрінде футболшыға үйлену туралы плакат ұстап, көпшіліктің назарын аударған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін де 100 жастағы тағы бір жанкүйер — аргентиналық Эрнан Мастранджело Мессидің әр голын қолмен жазып отырғаны үшін футболшының арнайы алғысына ие болған.
Материал авторы