Португалия Өзбекстанды ойсырата жеңді: Роналду әлем чемпионатында жаңа рекорд орнатты
Бес гол соғылып, Роналду екі рет мергендік танытты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші матчта Өзбекстан командасын ірі есеппен жеңді. Хьюстон қаласында өткен кездесу 5:0 есебімен португалиялықтардың пайдасына аяқталды.
Ойын барысында Португалия құрамасы басымдық танытып, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал Өзбекстан командасы әлем чемпионатындағы екінші кездесуінде де ұпайсыз қалды.
Кездесудің басты кейіпкері Криштиану Роналду болды. Португалиялық шабуылшы екі гол соғып, командасының жеңісіне үлес қосты.
Осы дубль арқылы Роналду Португалия құрамасының әлем чемпионаттарындағы үздік сұрмергені атанды. Ол бұған дейін бұл көрсеткіш бойынша алда болған Эйсебионы басып озды. Қазір Роналдудың әлем чемпионаттарындағы гол саны – 10.
Сонымен қатар, футболшы тағы бір тарихи көрсеткішке жетті. Ол әлем чемпионаттарының алты бірдей турнирінде гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Роналду 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 және 2026 жылдардағы мундиальдарда мергендік танытқан.
Айта кетейік, алғашқы турда Өзбекстан құрамасы Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілсе, Португалия ДР Конгомен 1:1 есебімен тең түскен еді.
Топтық кезеңнің үшінші турында 28 маусымда Өзбекстан ДР Конгомен кездеседі, ал Португалия Колумбияға қарсы ойнайды.
Өзбекстан құрамасының турнирден ерте шығып қалмауы үшін Колумбия ДР Конгомен өтетін ойында жеңілмеуі қажет. Бұл кездесу 24 маусым күні өтеді.
Материал авторы