1867

«Барлық еврей сенен шаршады»: Трамп пен Нетаньяху арасындағы құпия әңгіме жарияланды

Трамптың Нетаньяхуға Газа секторындағы келісімді қабылдау туралы қысым жасалғаны айтылды.

«Барлық еврей сенен шаршады»: Трамп пен Нетаньяху арасындағы құпия әңгіме жарияланды
Israeli Ministry of Foreign Affairs

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху арасындағы шиеленісті телефон арқылы сөйлесу жайлы жаңа деректер жарық көрді. Бұл туралы The Independent басылымы жазды.

Журналистер The New York Times өкілдері Мэгги Хаберман мен Джонатан Суонның жаңа кітабында Трамптың Ақ үйге қайта оралу кезеңіндегі бірқатар саяси оқиғалар баяндалған. Авторлардың мәліметінше, өткен жылдың күзінде АҚШ басшысы мен Израиль үкімет басшысы арасында қызу пікірталас болған.

Кітапта келтірілген деректерге сәйкес, екі саясаткер арасындағы келіспеушілік Газа секторындағы атысты тоқтату туралы америкалық ұсынысты талқылау кезінде туындаған. Трамп Нетаньяхудан бұл келісімді қолдауды талап еткен.

Авторлардың жазуынша, АҚШ президенті Израиль премьеріне одақтастар арасындағы қарым-қатынасқа қауіп төнуі мүмкін екенін ескерткен. Әңгіме барысында Трамп Нетаньяхуға қатысты қатқыл пікір білдіргені айтылады.

«Сенен бәрі шаршады, Биби. Барлық еврейлер сенен шаршады», – деген сөздер кітапта келтірілген.

Журналистердің мәліметінше, Трамп егер Нетаньяху ұсынылған келісімнен бас тартса, екі ел арасындағы қарым-қатынаста «ажырау» болуы мүмкін екенін айтқан.

Кітапта жазылғандай, кейін Израиль премьер-министрі ұсынылған жоспарды қолдауға келіскен. Алайда бұл жағдай екі саясаткердің байланысын үзбеген.

Басылым мәліметінше, кейінірек Нетаньяху Трампты Иранға қарсы әскери науқанды қолдауға көндіре алған.

Материал авторы