Украина Ресейге 300-ден астам дрон шабуылын жасады
Ресей қорғаныс министрлігі жүздеген дрон жойылғанын мәлімдесе, бірқатар өңірде жарылыс пен зақым туралы ақпарат тарады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің бірнеше өңірі мен аннексияланған Қырым аумағына жаппай дрон шабуылы жасалды. Ресей Қорғаныс министрлігі 300-ден астам ұшқышсыз ұшу аппараты жойылғанын мәлімдеді. Бұл туралы «Deutsche Welle» басылымы жазды.
Ресей ведомствосының дерегінше, 24 маусым күні таңертең Астрахань, Белгород, Брянск, Воронеж, Волгоград және тағы бірқатар облыстардың аумағында, сондай-ақ Қырым мен Азов және Қара теңіз жағалауында барлығы 323 дрон ұсталған.
Шабуылдан кейін Севастополь қаласында электр қуаты өшкен. Қырымдағы ресейлік билік өкілдері кей аудандарда жарықтың қайта қосылғанын хабарлады. Кейбір дереккөздер Севастопольдегі ірі электр қосалқы станциясына соққы тигенін, соның салдарынан өрт шыққанын жазды. Қалада бірқатар ауданда су мәселесі де туындағаны айтылды.
Украиналық ресурстар Қырымдағы әскери нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Саки әуежайындағы нысандар мен әуе қорғаныс жүйелері зақымданғаны туралы ақпарат тарады.
Ресейдің Нижегород облысында дрон шабуылынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған. Аймақ губернаторы өнеркәсіп нысаны мен бірнеше көлікке, тұрғын үйге зақым келгенін айтты.
Белгород облысында да бір адам қаза тауып, тағы бір тұрғын жараланған. Жергілікті билік қайтадан дрон және зымыран қаупі туралы ескерту жариялады.
Сонымен қатар Орынбор облысының билігі өнеркәсіп кәсіпорнына шабуыл болғанын хабарлады. Украиналық мониторинг ресурстары соққы нысандары ретінде гелий және газ өңдеу зауыттарын атады.
Ресейдің басқа аталған аймақтарында да дрон шабуылдары болғаны хабарланды. Кей өңір билігі зардап шеккендер мен ірі зақым болмағанын мәлімдеді.
Материал авторы