Балаларын субұрқақта шомылдырған ата-аналарға айыппұл салына бастады
Елорда полициясы балаларын бақылаусыз қалдырған және қауіпсіздік талаптарын бұзған ата-аналарға шара қолдануда.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада балаларын Ботаникалық бақтағы субұрқақтарға түсірген ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартыла бастады. Полиция мұндай орындардың шомылуға арналмағанын және балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.
Елордадағы Есіл ауданының полиция басқармасы субұрқақтарда шомылған балаларға қатысты ата-аналарға шара қолдануды бастады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бірнеше рет жасалған ескертулерге қарамастан кейбір ересектер балалардың субұрқаққа түсуіне әлі де рұқсат беріп келеді.
Мұндай жағдайда ата-аналарға кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылады.
Полиция өкілдері субұрқақтардың бассейн емес екенін атап өтті. Онда шомылу жарақат алу, электр тогынан зақымдану немесе жұқпалы ауруларға шалдығу қаупін арттырады.
«Ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және оларды субұрқақтар мен суға түсуге арналмаған орындарға жібермеуге шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігі – ересектердің ортақ жауапкершілігі», – деп мәлімдеді полиция.
Ведомство тұрғындарға қоғамдық орындарда балалардың жүріс-тұрысына мұқият болуға кеңес берді.
Материал авторы