1188

Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі өтетін уақыт белгілі болды

Екі жылға жуық дертпен күрескен Ербаян Мұхтарды елордада ақтық сапарға шығарып салады.

Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі өтетін уақыт белгілі болды
instagram.com/erbayan2024

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі Астана қаласында өтеді. Оның жақындары қаралы жиындардың уақыты мен өтетін орнын хабарлады.

Туыстарының әлеуметтік желідегі мәліметіне сәйкес, Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі 25 маусым күні сағат 19:00-де «Гауһартас» банкет залында өтеді. Мекенжайы: Е. Серікбаев көшесі, 11.

Ал жаназа намазы 26 маусым күні сағат 10:00-де Мұса Жалел көшесі, 93 мекенжайында орналасқан Шейх Құнта қажы мешітінде оқылады. Сол күні сағат 11:00-де «Бастау» банкет залында ас беріледі. Өтетін орны: Дмитрий Карбышев көшесі, 50.

Еске салайық, Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны туралы 24 маусымда белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақаты мен одан кейінгі асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік болған.

Ұлттық ұлан сарбазының жағдайы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ербаян 2023 жылдан бері әскери қызмет кезінде алған жарақатынан кейін ауыр хәлде жатқан. 2024 жылдың қыркүйегінде құқық қорғаушылар мен бейжай қарамаған азаматтардың көмегімен ол Түркияға емделуге жіберілген. Кейін отбасы оны шетелде емдетуді жоспарлаған.

Ресми нұсқа бойынша, сарбаз дәретханада құлап, басын соққан. Алайда оның жақындары бұл жағдайға күмән келтіріп, мұндай жарақаттардың қарапайым құлаудан болуы мүмкін емес екенін айтқан. Кейінгі айларда Ербаянның жағдайы жақсарғаны хабарланған еді. Ол денесін тік ұстай алып, өздігінен тұруға және мойнын басқаруға үйренген. Сондай-ақ қол-аяғында қозғалыс белгілері байқалған.

Туыстары Ербаянға көмек көрсеткен дәрігерлерге, Ішкі істер органдарына және оны қолдаған қазақстандықтарға алғыс білдірді. Алайда сарбаз 23 маусымда өмірден өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор