1692

Трамп Зеленскийдің Украинадағы соғыстағы әрекетін жоғары бағалады

Бұрын сынаған Трамп бұл жолы Зеленский туралы оң пікір айтты.

Трамп Зеленскийдің Украинадағы соғыстағы әрекетін жоғары бағалады
TIERNEY L. CROSS/AFP VIA GETTY IMAGES

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресеймен соғыс жағдайындағы әрекетіне оң баға берді. Ол Украина басшысы қиын кезеңде өз ұстанымын сақтап отырғанын айтты.

Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен бірге өткен баспасөз мәслихатында Трамп журналистердің «Зеленский қазір жеңіп жатыр деп ойлайсыз ба?» деген сұрағына жауап берді.

«Ең болмаса ол берілмей отыр. Екі тараптан да көптеген адам қаза тауып жатыр, бірақ оның жағдайы жаман емес деп ойлаймын», – деді АҚШ президенті.

Трамп бұған дейін бірнеше рет Зеленскийді сынаған болатын. Ол Украина басшысын бейбіт келіссөздерге кедергі келтіріп отыр деп айыптаған еді.

Баспасөз мәслихатында Трамп Германия мен Еуропа елдерінің Иранға қатысты АҚШ пен Израиль саясатына байланысты ұстанымына көңілі толмайтынын да айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Германиядан қолдау күткен, алайда ол орындалмаған.

АҚШ президенті Германия мен басқа да Еуропа елдерінде америкалық әскери күштер орналасқанын айтып, бұл үшін Вашингтонның «жүздеген миллион доллар» жұмсап отырғанын атап өтті.

Бұған дейін АҚШ және «Үлкен жетілік» елдері Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы мәлімдеген еді. 15-17 маусымда Францияда өткен G7 саммиті аясында Трамп Украина президентімен кездескен.

Кездесуден кейін Трамп бұл әңгімені «өте жақсы» өткен деп бағалап, Ресей Украинамен бейбіт келісім жасауы керек екенін айтқан. Ол бұл бағытта қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін жеткізді.

Ал Украина президенті 24 маусымдағы үндеуінде G7 аясында талқыланған көмекті алған жағдайда Киев Ресейге бейбітшілікке баруға мәжбүр ететін жағдай жасай алатынын мәлімдеді. Алайда ол нақты қандай қадамдар туралы айтып отырғанын ашып айтпады.

Материал авторы