1145

Қысым болды ма? Сәбимен жұмыс істеген курьер әйелдің отбасы Алматыдан көшіп кетті

Еңбек министрлігі Алматыдан кеткен курьер отбасының жағдайын түсіндірді.

Қысым болды ма? Сәбимен жұмыс істеген курьер әйелдің отбасы Алматыдан көшіп кетті
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде үлкен талқы тудырған сәбиді қолына ұстап, жеткізу қызметінде жұмыс істеген әйелдің отбасы Алматыдан көшіп кеткен. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасыға ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеді. Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев айтты.

Оның сөзінше, әлеуметтік желіде аталған фото тарағаннан кейін Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы отбасыға бірден хабарласып, көмек ұсынған.

«Жарияланым шыққан бойда Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы дереу әрекет еттік. Үйлеріне барып, жағдайларын білдік, жұмысқа орналастыру бойынша көмек ұсындық. Алайда отбасы бұл ұсыныстан бас тартты», – деді вице-министр.

Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, кейін отбасы Алматыдан өз еркімен кетіп, қазір Шымкентте тұрып жатыр.

«Олар Алматыдан өздері шешім қабылдап кеткен. Қазір бұрынғыдай Шымкентте тұрып жатыр. Ешқандай қысым болған жоқ. Бұл шешімді ата-аналарымен ақылдасып, өздері қабылдаған», – деді ол.

Вице-министр отбасының көшу себебі ведомствоға белгісіз екенін айтты. Оның пайымынша, бұл отбасының жеке шешімі болуы мүмкін.

«Неліктен көшкенін білмейміз. Бұл – отбасының ішкі келісімі. Мүмкін, ата-анасы қайта шақырған шығар. Бірақ Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы бұл ақпаратты растады. Ешқандай қысым болған жоқ», – деді Тұяқбаев.

Осылайша, Еңбек министрлігі отбасының Алматыдан кетуі өз еркімен болғанын атап өтті. Ведомство өкілдері әлеуметтік желіде тараған қысым көрсету туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде қолында сәбиі бар күйде курьер болып жұмыс істеп жүрген әйелдің суреті тараған еді. Кадр көпшілік арасында қызу талқы туғызды. Кейін Үкімет отырысы кезінде Еңбек министрлігі өкілдерінен осы жағдайға қатысты түсініктеме беруді сұраған болатын.

Материал авторы