1495

Кегендегі отқа оранған полицейдің өліміне қатысты жаңа деректер тарады

Марқұм полицейдің өліміне байланысты күдіктілер ретінде әйелі мен жасөспірім ұлы ұсталды.

Кегендегі отқа оранған полицейдің өліміне қатысты жаңа деректер тарады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне байланысты тергеу жалғасып жатыр. 37 жастағы тәртіп сақшысының қазасына қатысты оның әйелі мен 14 жастағы ұлы күдікке ілініп, ұсталған. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.

Тергеу мәліметінше, оқиға Алматы қаласындағы отбасы тұрған пәтерде болған. Қайғылы жағдайдан кейін мамандар оқиға орнында жұмыс істеп, қажетті сараптамалар жүргізген. Қазір пәтер мөрленген.

Алдын ала болжам бойынша, оқиға кезінде үйде Аслан Әлсеров, оның жұбайы және ұлы болған. Отбасы ішінде нақты не болғанын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, полицей қаза тапқаннан кейін оның денесі қала сыртына шығарылып, Алматыдан шамамен 300 шақырым қашықтықтағы аумақта өртелген.

Аслан Әлсеров ішкі істер саласында аға жедел уәкіл қызметін атқарған. Оның әйелі де құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Ерлі-зайыпты 15 жыл бірге өмір сүріп, жеті бала тәрбиелеген. Олардың ұлдары спортпен айналысқан.

Көршілері Әлсеровтер отбасын жақсы жағынан сипаттап, оларды тыныш әрі үлгілі отбасы ретінде танығанын айтқан.

Күдіктілерге 15 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Аслан Әлсеров 24 маусымда жер қойнына тапсырылды.

Еске салайық, марқұмның денесі 23 маусымда Көкпек – Көктал – Кеген тасжолының 52-шақырымынан, Кеген асуына жақын маңнан табылған. Ол жол жиегінде жатқан, денесі толықтай күйген күйде болған. Криминалистер тексеру кезінде ер адамның оң қолынан арқан қалдықтарын анықтаған.

 

Материал авторы