824

Су тапшылығы сынға айналған шақта Қазақстан Алжирмен тәжірибе алмасады

Қазақстан мен Алжир су саласында бірлескен жол картасын әзірлеуге келісті.

Су тапшылығы сынға айналған шақта Қазақстан Алжирмен тәжірибе алмасады
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан мен Алжир су ресурстарын басқару саласында өзара тәжірибе алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың арнайы жол картасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Алжир Халық Демократиялық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Осман Михаджимен кездесті. Кездесу барысында тараптар су шаруашылығы бағытындағы бірлескен жұмыстың келешегін талқылады.

Кездесуде Қазақстан мен Алжирдің су ресурстарын сақтау, тиімді пайдалану және бөлу мәселелерінде ұқсас қиындықтарға тап болып отырғаны айтылды. Осыған байланысты екі мемлекет су саласындағы тәжірибені бөлісуге мүдделі екенін жеткізді.

Алжир тарапы Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін цифрландыру бағытындағы тәжірибесіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ шетелдік делегация екі елдің ғылыми ұйымдары қатысатын бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаларды іске асыруды ұсынды.

Тараптар өнеркәсіп саласындағы суды пайдалану, суды тұщыту технологиялары және жерасты су қорларын игеру мәселелері бойынша да пікір алмасты.

Кездесу барысында Осман Михаджи Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігіне екі жылға арналған екіжақты ынтымақтастық жол картасын әзірлеуді ұсынды. Нәтижесінде тараптар осы бағытта бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге келді.

«Екі елде де өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы су тұтыну үлесі бір-біріне өте ұқсас. Сондықтан Алжирдің экономиканың түрлі салалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта суды үнемдеу және тиімді бөлу тәжірибесі біз үшін маңызды. Сонымен қатар су шаруашылығы саласында тәжірибе алмасу үшін екі ел мамандарын алмастыру мүмкіндігін қарастыруға болады», – деді Нұржан Нұржігітов.

Қазақстан соңғы жылдары су ресурстарын тиімді басқару, инфрақұрылымды жаңарту және цифрлық технологияларды енгізу бағыттарына басымдық беріп келеді. Ал Алжир де су тапшылығы мәселесімен күресіп, су қорларын тиімді пайдалануға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр.