2593

Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстырды деген ақпаратқа министрлік жауап берді

Шахматшының тағдырына қатысты дауға Спорт министрлігі нүкте қойды.

Бибісара Асаубаева азаматтығын ауыстырды деген ақпаратқа министрлік жауап берді
dknews.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыруы мүмкін деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Парламент кулуарында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шахматшының басқа елдің атынан өнер көрсетуі мүмкін деген қауесетке түсініктеме берді.

«Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыру мәселесі мүлде жоқ. Бұл әңгімені кім және не үшін көтергенін білмеймін», — деді министрлік өкілі.

Ол шахматшыны Қазақстанның патриоты деп атап, спортшының ел тарихындағы маңызды жетістіктерін еске салды.

«Бізде шахмат тарихында әлем чемпионатында үш рет қатарынан алтын алған спортшы алғаш рет пайда болды. Сондықтан Бибісараға құрметпен қараймыз. Қаржылық мәселеге қатысты айтылған сұрақтардың барлығы реттелді», — деді Серік Жарасбаев.

Вице-министрдің айтуынша, жақын арада Бибісара Асаубаева Астанаға келіп, президент жарлығымен берілген орденін алады деп күтіледі.

Бибісара Асаубаева төңірегіндегі дау қалай басталды

Бұған дейін шахматшы Туризм және спорт министрлігіне қатысты мәселе көтеріп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасаған еді. Ол өзіне көрсетілетін қолдау азайғанын айтып, жалақысының үш есе төмендегенін жеткізген.

Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі арнайы брифинг өткізіп, шахматшыға жұмсалған қаражат туралы мәлімет берген. Серік Жарасбаев жалақының азайғанын растағанымен, оның себебін түсіндірді.

Министрлік өкілінің «кейбір спортшылар тым еркелеп кеткен» деген сөзі де қоғамда талқыланып, оған Бибісара Асаубаева жауап берген.

Кейін шахматшы бұрын белгілі бір кезеңде Ресей атынан өнер көрсетуіне қатысты жағдайды түсіндіріп, бұл шешімнің себептерін айтқан болатын.

Материал авторы