Украина Ресей аумағына 660 дронмен шабуыл жасады
Ресейдегі ірі химиялық зауытқа шабуыл жасалып, бірнеше өңірде әуе дабылы жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина қарулы күштері Ресей аумағына, аннексияланған Қырымға және Қара мен Азов теңіздерінің акваториясына жаппай дрон шабуылын жасады. Ресей Қорғаныс министрлігі бір түнде 660 ұшқышсыз аппарат жойылғанын мәлімдеді.
Ресей ведомствосының мәліметінше, әуе шабуылына қарсы жүйелер Белгород, Брянск, Курск, Орел, Калуга, Липецк, Ростов, Воронеж, Тула, Рязань және Астрахань облыстары, сондай-ақ Мәскеу мен Мәскеу облысы аумағында жұмыс істеген.
Сонымен қатар Қырым аумағында және Қара мен Азов теңіздері үстінде де дрондар тіркелгені айтылды.
Telegram-арналардың хабарлауынша, дрондар түні бойы Тула облысындағы Новомосковск қаласында орналасқан «Азот» химиялық кәсіпорнына шабуыл жасаған.
Жергілікті тұрғындар бірнеше жарылыс болғанын хабарлаған. Кәсіпорын бұған дейін де маусым айының ортасында шабуылға ұшыраған.
«Азот» компаниясы Ресейдегі аммиак пен азот тыңайтқыштарын өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі саналады.
Украиналық Exilenova+ ресурсы да Тула облысындағы жаппай шабуылдың негізгі нысаны осы зауыт болғанын жазды. Кей деректер бойынша, шабуылдан кейін аймақта аммиак иісі сезіліп, электр қуатында ақаулар болған.
Сонымен қатар NASA FIRMS сервисінің мәліметтерінде Новомосковск жылу электр станциясы маңында өрт белгілері байқалғаны көрсетілген.
Тула облысының губернаторы Дмитрий Миляев өңірге «украиналық дрондардың жаппай шабуылы» жасалғанын айтты. Оның сөзінше, Щекино ауданындағы елді мекендердің бірінде тұрғын үй зақымданып, бір әйел зардап шеккен.
Ол сондай-ақ электр желілері мен Новомосковскідегі өндірістік нысанға зақым келгенін хабарлады.
Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин түнде және таңертең қалаға 47 дрон шабуыл жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, төтенше қызметтер оқиға орнында жұмыс істеген.
Шабуылдардан кейін Мәскеудегі Домодедово, Внуково және Шереметьево әуежайларында уақытша шектеулер енгізілген. Ұшу мен қону жұмыстары арнайы келісім бойынша жүргізілген.
Қырымда да дрон шабуылы болғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындар Керчь қаласына шабуыл жасалғанын айтқан.
Ресейлік «Коммерсант» басылымы Қорғаныс министрлігі деректеріне сүйене отырып, 2026 жылдың басынан бері Украина Ресей аумағы мен Қырымға шамамен 40 мың дрон қолданғанын жазды.
Басылым мәліметінше, Ресей әскери ведомствосы ай сайын орта есеппен 6 мыңға жуық дрон жойылғанын хабарлаған. Ал маусым айының басынан бұл көрсеткіш 9,7 мыңға жеткен.
Ең ірі шабуылдар 17 мамырға қараған түні, 18 маусымға қараған түні және 25 наурызда тіркелгені айтылды. Дрондардың көбі Белгород, Курск, Брянск облыстары және Қырым аумағында жойылғаны хабарланған.
Материал авторы