2011

Депутат: Халық табысының жартысын тамаққа жұмсап жатыр

Депутаттың айтуынша, инфляция азаматтардың нақты кірісіне қысым жасап, күнделікті шығынды арттырған.

Депутат: Халық табысының жартысын тамаққа жұмсап жатыр
@mazhilis_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсай бастады. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов мұндай жағдайды экономикалық тұрақтылық емес, халықтың күнкөрісі үшін күресі деп бағалады.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат азаматтардың шығын құрылымындағы азық-түлікке кететін қаражат көлемі 52 пайызға жеткенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы кезеңде азық-түлік бағасы 13,5 пайызға қымбаттаған. Соның салдарынан қазақстандық отбасылар табысының басым бөлігін күнделікті қажетті тауарларға жұмсауға мәжбүр болып отыр.

«Отбасы табысының жартысынан көбін тек тамаққа жұмсаса, бұл тұрақтылық емес, бұл — күнкөріс үшін күрес», — деді Асхат Рақымжанов.

Депутат номиналды жалақы көлемі артқанымен, инфляцияны есепке алғанда азаматтардың нақты табысы 3,2 пайызға төмендегенін атап өтті.

Ол мемлекеттік органдардың жұмысында нақты нәтиже емес, қаражатты игеру мәселесі басым болып отырғанын сынға алды.

«Әкімдіктер есептерде өздеріне жайлы жағдай қалыптастырған, ал кей өңірлердегі тұрғындар әлеуметтік төлемдерінің үштен бірін азық-түлікке жұмсап отыр», — деді депутат.

Рахымжанов мұндай саясат әлеуметтік қиындықтарға алып келуі мүмкін екенін айтып, экономикалық бағытты өзгерту қажет екенін жеткізді.

Сонымен қатар ол ең төменгі жалақыны көтеруді және тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін тоқтатуды талап етті.

Депутаттың пікірінше, «Тариф — инвестиция айырбасы» қағидаты халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі есебінен жүзеге аспауы керек. 

Материал авторы