Ербаян Мұхтардың өлімінен кейін тергеу қайта жалғаса ма? Министрлік сарапшыларын ұсынуға дайын
Әскерден мүгедек болып оралған сарбаздың қазасынан кейін Денсаулық министрлігі істі тексеруге көмектеспек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрлігі әскерден ауыр жағдайда оралып, кейін қайтыс болған бұрынғы мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтардың ісі бойынша қажет болған жағдайда сарапшылар ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп, егер іс сотқа жетсе немесе қосымша тексеру қажет болса, ведомство мамандары тартылуы мүмкін екенін айтты.
«Бұған дейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Сот-медициналық сарапшылар Әділет министрлігі тарапынан тартылған. Егер қажеттілік туындаса, біз барлық керек сарапшыларды ұсынуға дайынбыз», — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны туралы бұған дейін оның адвокаты Инга Иманбай мәлімдеген еді. Кейін бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі растады. Ведомство сарбаздың өлім себебіне қатысты да түсініктеме берген.
Алайда кейін Ербаянның отбасы мәйітті медициналық тексеруден өткізуге қарсы болғанын және әскердегі оқиға бойынша тергеуді жалғастыруды талап етпейтінін мәлімдеді.
Ербаян Мұхтардың оқиғасы 2024 жылдың тамызында қоғамға белгілі болды. Әскерге кеткен жас жігіттің үйіне мүгедек жағдайда оралғаны туралы ақпарат тараған.
Ұлттық ұлан өкілдері жағдайға қатысты түсініктеме беріп, қызмет барысында оның денсаулығы күрт нашарлап, ауыр жағдайда ауруханаға түскенін айтқан.
Кейін жас сарбаз комаға түсіп, ем алу үшін Түркияға жіберілген. 2025 жылдың қыркүйегінде ол қайтадан шетелде ем қабылдауға барған. Сол жылдың қарашасында ведомство өкілі Ербаян Мұхтардың Ыстанбұлдан Астанаға жеткізілгенін хабарлаған.
Соңғы айларда оның жағдайы күрт нашарлағаны айтылып, дәрігері отбасының атынан мәлімдеме жасаған болатын. Кейін Ербаян Мұхтардың қайтыс болғаны белгілі болды.
Оқиға әскердегі қауіпсіздік мәселесіне байланысты қоғамда кең талқыланып, мерзімді әскери қызметке қатысты сұрақтарды қайта көтерді.
Материал авторы