Биылғы әлем чемпионатына келген жанкүйер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті
FIFA мәліметінше, биылғы мундиаль стадионға келген жанкүйер саны бойынша тарихи межеден өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихтағы ең көп көрермен жинаған турнир атанды. Жарыс ойындарын тамашалауға келген жанкүйерлер саны 3,6 миллионнан асып, бұрынғы рекорд жаңарды.
Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мәліметінше, биылғы әлем чемпионатына дәл қазірге дейін 3 605 357 жанкүйер келген. Осы көрсеткіштен кейін ұйым турнирді футбол тарихындағы ең көп көрермен жиналған чемпионат деп таныды.
Бұған дейінгі рекорд 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатына тиесілі болған. Сол жылы турнирге келген жанкүйер саны ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелген еді.
Биылғы чемпионат Мексика, АҚШ және Канада аумағында өтіп жатыр. Турнир басталғаннан кейін алғашқы екі апта ішінде-ақ стадиондарға миллиондаған жанкүйер жиналды.
Германия – Эквадор және Кот-д’Ивуар – Кюрасао арасындағы қатар өткен кездесулерден кейін көрермен саны 3 605 357 адамға жетіп, тарихи межеден асты.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа рекордқа Солтүстік Америкадағы стадиондардың сыйымдылығы да әсер еткен. Өйткені бұл турнирде пайдаланылып жатқан ареналардың көпшілігі бұрынғы әлем чемпионаттарындағы стадиондардан әлдеқайда үлкен.
Мысалы, Катарда өткен соңғы әлем чемпионатында стадиондардың басым бөлігінің сыйымдылығы шамамен 45 мың көрермен болған. Ал 2026 жылғы турнирдегі ірі ареналар әлдеқайда көп жанкүйер қабылдай алады.
Материал авторы