Динара Сәтжанның күйеуі бұрынғы әйелінің айыптарына жауап берді
Кәсіпкер дауды әлеуметтік желіде емес, сот арқылы шешу керек екенін мәлімдеді.
Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы әйелі Жанна Жанықұлованың мәлімдемесіне жауап берді. Ол бұған дейін TikTok желісінде видео жариялап, неке келісімі мен алимент төлеу туралы келісімге қатысты сот дауы туралы айтқан еді.
Жанықұловтың сөзінше, таңертең журналистер одан бұрынғы жұбайының видеосына қатысты пікір білдіруді сұраған. Осыған байланысты ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайға қатысты жалпы түсініктеме берген.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және кез келген дауды әлеуметтік желі арқылы емес, сот арқылы шешуіміз керек», – деп жазды кәсіпкер.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Жанна Жанықұлова сот арқылы үш жылдан астам уақыт бұрын өзі қол қойған келісімдер мен құжаттардың күшін жоюды талап етіп отыр.
Жанықұлов бұрынғы әйелі құжаттарға қол қою кезінде білікті заңгерлердің көмегіне жүгінгенін және сол кезде тараптар арасында ортақ келісім болғанын айтты.
«Арада жылдар өткен соң оның пікірі өзгерді. Енді бұл жағдайға сот қандай баға беретінін күтеміз», – деді ол.
Кәсіпкер ажырасу рәсімі әлдеқашан аяқталғанын және өзі құжаттарда көрсетілген барлық қаржылық және өзге де міндеттемелерін орындап келе жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол балаларымен қарым-қатынасына қатысты пікір білдірді.
«Балаларыммен қарым-қатынасым өте жақсы. Әрине, мен оларды әрдайым қолдаймын және алдағы уақытта да үлкен сүйіспеншілікпен қолдай беремін», – деді Жанықұлов.
Кәсіпкер бұрынғы жұбайымен жасалған келісімдердің құпия екенін айтып, сондықтан олардың мазмұнын көпшілік алдында талқыламағанын жеткізді. Алайда, егер бұрынғы әйелі бұл ақпаратты өзі жариялауды шешсе, оған сабырмен қарайтынын айтты.
«Мен оның және балалардың алдындағы өз міндеттемелерімнен ұялмаймын», – деп жазды ол.
Бұған дейін Жанна Жанықұлова Алматыдағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотта неке келісімі мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану жөніндегі іс қаралып жатқанын хабарлаған еді. Ол сондай-ақ қоғам мен сот жүйесі өкілдерінен істі бақылауға алуды сұраған.
Қазір сот талқылауы жалғасып жатыр. Даудың құқықтық бағасын сот береді.
Материал авторы