Ауғанстандағы 5,8 балдық зілзала Қазақстанға дейін жетті
Ауғанстандағы жер сілкінісін Шымкент пен екі облыс тұрғындары сезді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстан аумағында болған жер сілкінісінің дүмпулері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде байқалды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі жазды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Ұлттық сейсмологиялық зерттеулер және ақпарат орталығының мәліметінше, 27 маусым күні Астана уақытымен сағат 18:34-те сейсмикалық станциялар жер сілкінісін тіркеген.
Жер сілкінісінің ошағы Ауғанстан аумағында орналасқан. Сейсмологтардың мәліметі бойынша, Қазақстанның оңтүстігінде жерасты дүмпулері 2 балдық деңгейде сезілген.
Жер сілкінісі Шымкент қаласында, Таразда және Түркістан облысының бірқатар елді мекендерінде байқалды. Олардың қатарында Мырзакент, Жетісай, Абай, Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Ленгір, Сайрам, Манкент, Ақсукент, Тұрар Рысқұлов ауылы, Арыс, Темірлан, Шәуілдір және Шаян елді мекендері бар.
Сондай-ақ Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса, Құлан, Меркі ауылдары мен Қаратау қаласының тұрғындары 2 балдық дүмпуді сезген. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, 27 маусым күні Ауғанстандағы Гиндукуш таулы аймағында магнитудасы 5,8 балдық жер сілкінісі болған. Оның ошағы Құндыз қаласынан шамамен 169 шақырым шығысқа қарай орналасып, жер астында 201 шақырым тереңдікте болған.
Зілзала көршілес Өзбекстанның көптеген өңірінде де сезілген. Елдің сейсмологиялық мониторинг орталығы жер сілкінісінің күші 6,8 магнитудаға жеткенін хабарлады.
Материал авторы