976

Маңғыстау ауылын шаңды құйын басты

Таушық ауылында тұрғындар биік шаң бағанының көшелерді бойлай қозғалғанын байқап, ерекше сәтті видеоға түсіріп алды.

Маңғыстау ауылын шаңды құйын басты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының тұрғындары сирек кездесетін табиғи құбылысты видеоға түсіріп алды. Түпқараған ауданындағы Таушық ауылында көшелер арқылы үлкен шаң бағаны қозғалған. Бұл туралы Lada.kz жазды.

Әлеуметтік желілерде 27 маусымда тараған кадрларда биік шаңды құйынның елді мекен аумағында жүргені көрінеді. Табиғи құбылыс сырт көзге кәдімгі торнадоға ұқсап кеткен.

Оқиғаның нақты қашан болғаны әзірге белгісіз. Алайда Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті бұл жағдайға байланысты «112» нөміріне ешқандай шақырту түспегенін хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, құбылыс салдарынан зардап шеккендер немесе қандай да бір материалдық шығын тіркелмеген.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай шаңды құйындар ыстық әрі құрғақ ауа райында пайда болады. Жер беті қатты қызған кезде ауа ағындары күшейіп, құм мен шаңды жоғары көтеретін айналмалы қозғалыс қалыптасады.

Кей жағдайда мұндай құбылыстарды «шаңды шайтан» деп те атайды. Дегенмен синоптиктердің айтуынша, олар көбіне шағын аумақта байқалады және жойқын күшке ие болмағандықтан, әдетте үлкен қауіп төндірмейді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор