Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасынан пайда көруі мүмкін деген ақпарат тарады
АҚШ-та миллиардтаған долларлық жобаға қатысты саяси дау туды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ пен Қазақстан арасындағы вольфрам кен орындарын игеру жөніндегі келісім жаңа дауға ұласты. Шетелдік зерттеуге сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары жобаға қатысатын компаниялар арқылы қаржылық пайда алуы мүмкін. Бұл туралы The New York Times зерттеді.
The New York Times мәліметінше, Трамп отбасы мүшелері мен АҚШ сауда министрі Ховард Лютниктің балалары Вашингтон қолдайтын тау-кен жобаларымен байланысты инвестициялық құрылымдарға қатысқан.
Басылым мысал ретінде АҚШ пен Қазақстан арасындағы вольфрам кен орындарын игеру туралы келісімді келтіреді. Бұл жоба жөнінде 2025 жылдың қарашасында хабарланған болатын.
Келісімге сәйкес, жобадағы үлестің 70 пайызы АҚШ-тың инвестициялық компаниясына, ал 30 пайызы қазақстандық «Тау-Кен Самұрық» компаниясына тиесілі болған.
Зерттеуде көрсетілгендей, келісім жарияланғанға бірнеше ай қалғанда Трамптың ұлдары Дональд кіші мен Эрик бірлесіп иелік ететін Dominari Securities компаниясы сол кезде шығынға батқан құрылыс фирмасын сатып алған. Кейін бұл компания Cove Kaz Capital құрылымынан 20 пайыздық үлес алған.
Кейін бірнеше корпоративтік өзгерістен соң компания атауын Kaz Resources деп өзгертіп, 2026 жылдың сәуірінде іс жүзінде биржаға шыққан.
Осы кезде оның Қазақстандағы вольфрам кен орындары жобасының операторы ретінде АҚШ федералдық бюджетінен 1,6 млрд доллар көлемінде қаржы алатыны белгілі болған. Бұл шешімді Трамп әкімшілігі мақұлдаған.
NYT жазуынша, акциялардың биржаға шығарылуы Kaz Resources инвесторларына, оның ішінде Трамптың ұлдарына да, вольфрам өндірісі басталмай тұрып-ақ жоба арқылы қомақты табыс табуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Басылым сонымен қатар АҚШ сауда министрі Ховард Лютниктің балалары да бұл мәміледен пайда көргенін жазады. Олардың бірлесіп иелік ететін Cantor Fitzgerald инвестициялық компаниясы Қазақстандағы жобаға қаржы тартуға қатысқан.
Зерттеуде бұл жағдай жеке жағдай емес екені айтылған. The New York Times дерегінше, Трамп пен Лютник отбасыларының мүшелері АҚШ-тағы сирек кездесетін металдар өндірісіне қатысты кемінде 14 федералдық жобаға қатысы бар компаниялармен байланысқан.
Басылым мұны «АҚШ тарихында сирек кездесетін мемлекеттік шешімдер мен жеке байлықтың араласуы» деп сипаттаған.
АҚШ Конгресі өкілі, демократ Максин Декстер бұл жағдайды тексеру қажет екенін мәлімдеді.
«Салық төлеушілердің қаражаты отбасы мүшелерін немесе билікке жақын адамдарды байыту үшін емес, қоғам мүддесіне жұмсалуы керек», – деді ол.
Ал Ақ үй мен АҚШ Сауда министрлігі Трамп әкімшілігі мемлекеттік шешімдерді отбасының жеке бизнесімен араластырды деген болжамдарды жоққа шығарды.
Материал авторы