Абай облысында заңсыз алтын өндіру тоқтатылды: арнайы операцияның видеосы жарияланды (ВИДЕО)
Құзырлы органдар заңсыз өндірілген металдың көлемі мен келтірілген шығынды есептеп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдардың әрекеті тоқтатылды. Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген арнайы операция кезінде алтын өндіруге пайдаланылған техника мен құралдар тәркіленді.
Ведомство мәліметінше, операция Жарма ауданында прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген. Жедел-іздестіру шаралары барысында барлау және заңсыз кен өндіру жұмыстары жүргізілген үш аумақ анықталған.
Заңсыз қызмет салдарынан жер бедері бұзылып, топырақтың құнарлы қабаты зақымданғаны белгілі болды.
Арнайы операция кезінде алтын түстес металл, оны өңдеуге арналған жуу жабдықтары, арнайы техника және автокөліктер тәркіленді.
Қазір мамандар заңсыз өндіруге қатысы бар адамдарды анықтап, алынған бағалы металдардың нақты көлемі мен мемлекетке келтірілген шығын мөлшерін есептеп жатыр.
Тергеу жалғасуда. Құзырлы органдар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес істің басқа да мәліметтерін жарияламайтынын мәлімдеді.
Материал авторы