1125

Қызылордада қызметкер екі аяғынан айырылған аттракциондар саябағы уақытша жабылды

19 жастағы жігіт екі аяғынан айырылып қалған еді.

Қызылордада қызметкер екі аяғынан айырылған аттракциондар саябағы уақытша жабылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордадағы «Арай» ойын-сауық саябағында болған ауыр оқиғадан кейін аттракциондар аумағы уақытша жабылды. Полиция еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Қызылорда облысының полиция департаменті қызметкердің ауыр жарақат алу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабымен сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, оқиға болған «Арай» саябағы жеке кәсіпкерге тиесілі. Тергеу аяқталып, барлық қажетті тексерулер жүргізілгенге дейін тек апат болған аттракцион емес, бүкіл ойын-сауық саябағының жұмысы тоқтатылды.

«Қазір жазатайым оқиға болған аттракционның жұмысы және ойын-сауық саябағының қызметі барлық қажетті тексеру шаралары аяқталып, тиісті шешімдер қабылданғанға дейін толық тоқтатылды», – деді қала әкімдігі.

Сонымен қатар қаладағы барлық ойын-сауық орындарында қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

2007 жылы туған жас жігіт оқиғадан кейін аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Облыстық көпсалалы аурухана бас дәрігері Жасұлан Баймахановтың айтуынша, дәрігерлер науқасқа шұғыл операция жасаған.

«Ота барысында сол аяғы санның жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде, ал оң аяғы тобық буыны деңгейінде ампутацияланды», – деді дәрігер.

Медициналық мекеме өкілдерінің мәліметінше, науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз.

Ішкі істер министрлігі аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Егер кінә дәлелденсе, қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға айыппұл салу, түзету жұмыстары, қоғамдық жұмысқа тарту немесе қамау түріндегі жаза қарастырылған. Сондай-ақ белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.

Министрлік бұл іс бойынша нақты күдіктілер туралы ақпарат бермеді. Тергеу қорытындысы бойынша қауіпсіздікке жауапты адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілетіні айтылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, саябақта оператор болып жұмыс істеген жас жігіт жұмыс істеп тұрған аттракцион маңындағы қауіпті аймаққа кірген. Ол құрылғы ішінде қалған баланы жұбатуға барған кезде апат болған.

Куәгерлердің айтуынша, қызметкер балаға көмектеспек болған сәтте аттракцион қозғалысын жалғастырып кеткен.

Саябақ басшылығы оператордың жұмыс істеп тұрған құрылғы аймағына кіріп кеткенін айтып, оқиғаға байланысты барлық аумақтың уақытша жабылғанын мәлімдеді.

Әкімдік өкілдері аттракцион иелері мен пайдаланушы ұйымдар қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жабдықтарды уақытылы тексеруге және төтенше жағдайлардың алдын алуға міндетті екенін еске салды. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор