Израиль әскері Ливанның жерасты туннелін жарып жіберді
Тараптар арасындағы келіссөздерге қарамастан, Израиль Ливандағы әскери әрекеттерін жалғастырып отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі жерасты туннелін жойғанын мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, нысанның ішінде көп мөлшерде қару-жарақ пен зымыран ұшыруға арналған құрылғылар болған.
Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі Мадждаль-Зун елді мекенінде орналасқан жерасты туннелін жарып жіберген. Ақпаратты Ливанның Ұлттық ақпарат агенттігі таратқан.
Агенттік мәліметінше, жарылыс жексенбі күні болған және оның дауысы үлкен аумаққа таралған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кацтың бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, жойылған нысан жер астында 25 метрден астам тереңдікте орналасқан. Туннельдің ұзындығы 200 метрден асқан.
«Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі қауіпсіздік аймағында қалып, террористік инфрақұрылымды жоюды, Израильдің солтүстігіндегі елді мекендерге төнетін қауіптердің алдын алуды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады», – делінген мәлімдемеде.
Израиль билігі туннель ішінде жүздеген қару-жарақ бірлігі мен бірнеше ұшыру шахтасы болғанын алға тартты. Олардың мәліметінше, бұл құрылғылар Израиль аумағына соққы жасау үшін пайдаланылуы мүмкін болған.
Сондай-ақ АҚШ операция туралы алдын ала хабардар етілгені айтылды.
Жарылыс алдында Израиль әскері елдің солтүстігіндегі жергілікті билік органдарына ескерту жасап, соққының қуаты жер сілкінісі туралы ескерту жүйелерін іске қосатындай болуы мүмкін екенін жеткізген.
«Синьхуа» агенттігінің жазуынша, Израиль АҚШ-тың арағайындығымен Ливанмен жұма күні қол жеткізілген келісімге қарамастан, елдің оңтүстігіндегі әскери белсенділігін жалғастырып отыр.
Аталған келісім Израиль әскерінің Ливанның оңтүстігіндегі екі аймақтан ішінара шығарылуын қарастырады және екі мемлекет арасында ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға бағытталған қадам ретінде бағаланған.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2 наурыз бен 28 маусым аралығында Израиль соққыларынан 4247 адам қаза тауып, тағы 12 195 адам жараланған.
Материал авторы