Ақтөбеде жүзін никабпен тұмшалап смартфон ұрлаған қыздар ұсталды
Күдіктілер камераға түспеу үшін жүзін әдейі жапқанын тергеу барысында мойындаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде сауда үйінің бірінен қымбат ұялы телефондарды ұрлады деген күдікпен екі қыз ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер бейнебақылау камераларынан танылмау үшін жүздерін никабпен жапқан.
Ақтөбе облысының полиция департаменті қылмысты ашу барысында күдіктілердің жеке басын жедел-іздестіру шаралары мен бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдау арқылы анықтаған.
Тергеу кезінде қылмысқа Ақтөбе қаласының екі тұрғыны қатысы бар екені белгілі болған.
Полиция мәліметінше, қыздар кінәсін мойындап, қымбат гаджеттерді ұрлап, кейін сатуды жоспарлағанын айтқан. Олар ақша табудың оңай жолын іздегенін жеткізген.
«Күдіктілер беттерін тек камералар арқылы анықталмас үшін жапқанын түсіндірді. Олардың айтуынша, бұл киімді діни ұстанымдарына байланысты кимеген», – делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтау мүмкіндігі қылмыстарды ашуда және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Полиция Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты заң талаптары күшейтілгенін еске салды. Шектеу адамның бетін толық жауып тұратын никаб, балаклава, маска және басқа да ұқсас заттарға қатысты.
Бұл талап бет-жүзді жасырмайтын және адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін діни киімдерге қолданылмайды.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері қоғамдық орындарда адамның жүзін анықтауға кедергі келтіретін киім кигені үшін 22 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Материал авторы