«Баршамыздың мұратымыз бір»: Тоқаев Парламент жұмысын бағалады
Тоқаев депутаттардың жұмысын атап өтіп, реформалар мен саяси өзгерістерге тоқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың атқарған жұмысына баға беріп, елдің саяси және қоғамдық даму бағыттарына тоқталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы сегізінші шақырылым депутаттарының Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдағанын айтты. Сонымен қатар Парламент 31 Үкімет сағатын және 9 парламенттік тыңдау өткізіп, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылаған.
Тоқаев қос палатаның комитеттері де белсенді жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшу жағдайында заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес құрылуы қажет.
Президент осы жылдары депутаттық корпус пен азаматтар арасында ашық әрі тиімді байланыс жүйесі қалыптасқанын жеткізді.
«Депутаттар партиялық жобаларды жүзеге асырып, өңірлерге тұрақты барып, халықпен кездесулер өткізді. Қоғамдық қабылдаулар арқылы азаматтардың ұсыныстары мен талап-тілектерін ескеріп, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етті», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев Парламенттің ғалымдар, сарапшылар және қоғам белсенділері бас қосатын маңызды алаңға айналғанын айтты.
Президент Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанындағы қоғамдық палатаның заң жобаларын талқылауда және қоғамдық диалогті дамытуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының фракциясына және оның мүшелеріне белсенді әрі жасампаз ұстанымы үшін алғыс білдірді.
«Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер», – деді Тоқаев.
Президент жақында өткен партия съезінде «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылу туралы шешім қабылданғанын еске алып, бұл қадамды қолдайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдегі барлық озық әрі жасампаз күштердің ортақ құндылықтар төңірегіне бірігуі Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қосымша серпін береді.
«Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру», – деді Президент.
Тоқаев Қазақстанның дамуы ел азаматтарының ортақ мүддесі екенін атап өтті.
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек», – деді ол.
Мемлекет басшысы ел бірлігі сақталған жағдайда Қазақстан кез келген мақсатқа жете алатынына сенім білдірді.
«Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз соңында азаматтарды ел дамуына үлес қосуға шақырды.
Материал авторы