1423

Алтынай Жорабаева Түркиядан қымбат пәтер сатып алғанын көрсетті

Әнші Түркиядағы беделді кешеннен үш бөлмелі пәтер иеленді.

Алтынай Жорабаева Түркиядан қымбат пәтер сатып алғанын көрсетті
instagram.com/altynaizhorabayeva

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Алтынай Жорабаева Түркияның Алания қаласынан бизнес-класс санатына жататын жаңа пәтер сатып алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

Өнер иесі қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Әнші Махмутлар ауданында орналасқан Kingdom Premium тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер иеленген.

Бес тұрғын үй блогынан тұратын кешен Аланиядағы беделді нысандардың бірі саналады. Ашық деректерге сәйкес, аталған кешендегі пәтерлердің бағасы шамамен 185 мың АҚШ долларынан басталады.

Алтынай Жорабаева жаңа баспанасын қабылдап алу үшін Түркияға арнайы барғанын айтты. Оның сөзінше, пәтер сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын бірнеше тұрғын үй кешенін қарап, түрлі нұсқаларды салыстырған.

«Біз пәтерімізді қабылдап алуға келдік. Бұған дейін оның макетін көрсеткен едім. Көпшілік бұл кешенді Аланиядағы ең үздік бизнес-класс тұрғын үй кешені деп айтып жатыр. Менің ойымша, ол тек Аланияда ғана емес, бүкіл Түркиядағы үздік жобалардың қатарында», – деді әнші.

Өнер иесі Kingdom Premium кешенін таңдауға ұзақ зерттеуден кейін келгенін жеткізді. Оның айтуынша, әртүрлі тұрғын үй кешендерінің суреттері мен бейнематериалдарын қарап шыққанымен, бұл нысан ерекше әсер қалдырған.

Әнші пәтерді екінші қабаттан алғанын атап өтті. Оның айтуынша, терезеден кешен аумағындағы аквапарк көрінеді.

Жаңа баспанасына қатысты әсерімен бөліскен Жорабаева кешенде тұрғындарға қажетті көптеген жағдай жасалғанын айтты. Аумағында хамам, бассейн, супермаркет және өзге де инфрақұрылым нысандары бар.

Алтынай Жорабаева алдағы уақытта пәтерін толық жиһаздап, жаңа үйін өзіне жайлы кеңістікке айналдыруды жоспарлап отыр. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор