919

Маңғыстауда қараусыз қалған ұңғымадан газ шығып, экологиялық тексеру басталды

Экологтар Маңғыстаудағы газ шығарындыларынан кейін шұғыл әрекет етті.

Маңғыстауда қараусыз қалған ұңғымадан газ шығып, экологиялық тексеру басталды
Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының Қарақия ауданында қараусыз қалған ұңғымадан газ шығарындылары тіркелді. Экологтар оқиға орнына барып, ауа құрамын тексерді. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.

29 маусым күні Маңғыстау облысының табиғатты қорғау прокуратурасына қараусыз қалған ұңғымалардың бірінен газ шыққаны туралы ақпарат түскен.

Аталған ұңғыма Қарақия ауданы аумағында орналасқан.

Оқиғаға байланысты облыстық экология департаментінің мамандары шұғыл түрде нысанға барып, атмосфералық ауадан сынама алған.

Зертханалық талдау нәтижесінде ауа құрамындағы кейбір ластаушы заттардың мөлшері белгіленген шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) жоғары екені анықталған.

«Зерттеу қорытындысы бойынша ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асқаны тіркелді. Бұл туралы Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар берілді», – деп мәлімдеді экологтар.

Қазіргі уақытта мамандар газ шығарындыларының нақты себептерін анықтап, қоршаған ортаға келтірілген ықтимал әсерді бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор