859

«Алтын әріппен жазылатын шешім»: Президент жаңа Ата заң туралы үндеу жасады

Тоқаев Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа кезең басталғанын мәлімдеді.

«Алтын әріппен жазылатын шешім»: Президент жаңа Ата заң туралы үндеу жасады
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты халыққа үндеу жолдады. Президент бұл күнді ел тарихындағы маңызды кезең деп атап, саяси және экономикалық жаңғырудың жаңа дәуірі басталғанын айтты.

«Жаңа Конституциямыздың заңды күшіне енуі – бүкіл еліміз үшін айрықша маңызды оқиға. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа Ата заңның қабылдануы Қазақстанның саяси жүйесін, мемлекеттік құрылымын және азаматтық қоғам институттарын жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістердің басталғанын білдіреді.

Мемлекет басшысы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда халық елдің болашағына қатысты маңызды таңдау жасағанын атап өтті. Оның сөзінше, миллиондаған азамат бірлік пен жауапкершілік танытып, тарихи шешім қабылдады.

«Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін айтты. Оның пікірінше, бұл шешімнің символдық маңызы бар. Себебі Ата заң қағидаттары мен көктемгі жаңару дәстүрлері елдің ынтымақ, білім және адал еңбек құндылықтарымен сабақтасады.

Президент жаңа Конституция халықтың құқықтық негізіне айналып, ел алдына қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз», – деді ол.

Мемлекет басшысы Қазақстан бірлігі бекем мемлекет ретінде дамып, әр азаматқа мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру жолындағы жұмыстар жалғасатынын айтты.

«Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материал авторы