686

6 млрд теңгелік алаяқтыққа қатысы бар күдікті Түркиядан жеткізілді

2021 жылдан бері іздеуде болған әйел Антальяда ұсталды.

6 млрд теңгелік алаяқтыққа қатысы бар күдікті Түркиядан жеткізілді
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ішкі істер министрлігі түрік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 2021 жылдан бері халықаралық іздеуде болған Қазақстан азаматын Анталья қаласында ұстады.

Ұсталған 46 жастағы әйел 2018–2020 жылдар аралығында сыбайластарының көмегімен алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, ол азаматтардың сеніміне кіріп, алдау жолымен 1300-ден астам адамның ақшасын иемденген.

Келтірілген шығын көлемі 6 млрд теңгеден асқан.

Іздеуде жүрген күдікті 26 маусымда Түркия Республикасынан Қазақстанға депортацияланды. Оны елге жеткізуге Қазақстан ІІМ-нің Түркиядағы өкілі мен Қазақстанның Бас консулдығы елеулі көмек көрсеткен.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері ішкі істер органдары алаяқтық қылмыстарға қатысы бар 117 адамды ұстаған. Олардың әрекетінен келген жалпы шығын көлемі 17 млрд теңгеден асады.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық тестілеуге дайындық бойынша алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қазақстандық Албаниядан экстрадицияланып, елге жеткізілген болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор