1892

Дастан Сәтпаев «Челсидегі» алғашқы кадрлары желіде тарады

Жас футболшы «Челси» сапындағы алғашқы қадамын бастады.

Дастан Сәтпаев «Челсидегі» алғашқы кадрлары желіде тарады
instagram.com/d.satpayev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жас шабуылшы Дастан Сәтбаевтың Лондондағы «Челси» футбол клубының базасындағы алғашқы суреттері мен видеолары әлеуметтік желіде пайда болды.

17 жастағы футболшы ағылшын клубының Кобхэмдегі жаттығу базасында жұмысын бастап кеткен. Ол Лондонға 27 маусымда анасымен бірге барған.

Сәтбаевтың «Челси» сапындағы алғашқы күндерінен түсірілген кадрларда оның команданың оқу-жаттығу процесіне бейімделіп жатқаны көрінеді.

Лондондағы клуб базасына барған Алматының «Қайрат» клубының иесі Қайрат Боранбаев жас футболшымен кездесіп, бірге суретке түскен. Оның айтуынша, Сәтбаевтың көңіл күйі жақсы, негізгі мақсаты — жаңа кезеңге барынша дайындалу.

«Дастан Қазақстан чемпионаты қызған кезде Лондонға келді. Сондықтан оның физикалық дайындығы жақсы деңгейде, ұзақ үзіліс болған жоқ. Бұл жас футболшы үшін бейімделу кезеңінде үлкен артықшылық», — деп жазды Боранбаев.

Ол сондай-ақ «Челсидегі» дайындық талаптары Сәтбаев үшін тосын болмағанын атап өтті. Себебі «Қайрат» академиясында футболшыларды дайындау кезінде еуропалық заманауи стандарттар қолданылып келеді.

Боранбаевтың пікірінше, Сәтбаевтың жетістігі — тек бір ойыншының табысы емес. Бұл қазақстандық футболшылардың дұрыс жүйе, тәртіп және кәсіби дайындық арқылы әлемнің үздік клубтарында бәсекеге түсе алатынын көрсетеді.

Бұған дейін The Athletic басылымы «Челси» командасының бас бапкері Хаби Алонсо Сәтбаевқа негізгі құрамның маусым алдындағы дайындығында өзін көрсетуге мүмкіндік беруді жоспарлап отырғанын жазған.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, футболшының ресми трансфері 12 тамыздан кейін жарияланады. FIFA ережесіне сәйкес, ойыншы 18 жасқа толғаннан кейін ғана ағылшын клубымен келісімшарт заңды күшіне енеді.

Еске салайық, Дастан Сәтбаев Лондонға 27 маусымда анасымен бірге аттанған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор