Қандыағаштағы 188 адам уланған мейрамханадан қауіпті инфекция табылды
188 адам ауруханаға түскен оқиғадан кейін мейрамханадағы тексеріс нәтижесі жарияланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында болған жаппай улану дерегі бойынша тексеріс барысында бірқатар санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Бұған дейін аталған дәмханада 188 адам уланып, ауруханаға түскен болатын. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, мейрамхана міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген.
Тексеру кезінде нысанда санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайлар анықталған. Атап айтқанда, ғимараттың санитарлық жағдайы, азық-түлікті сақтау тәртібі, тағам дайындау технологиясы және қызметкерлердің жеке гигиена талаптары бұзылған.
Сонымен қатар мейрамхана қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтпеген және медициналық кітапшалары болмаған.
Зертханалық сараптама нәтижесінде мейрамханада дайындалған өнімдерден және қызметкерлерден алынған сынамалардан ішек инфекциясын қоздыратын микроорганизмдер табылған.
Алғашқы науқастар 19 маусым күні Мұғалжар аудандық ауруханасына ішек инфекциясына ұқсас белгілермен түсе бастаған. Олардың барлығы «Тұмар» мейрамханасында өткен той мен асқа қатысқан.
Ресми мәлімет бойынша, жаппай уланудан 188 адам зардап шеккен. Олардың арасында 14 жасқа толмаған 15 бала бар.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта стационарда 13 адамның ем алып жатқанын хабарлады. Оның 12-сі Мұғалжар аудандық ауруханасында, тағы бір науқас облыстық инфекциялық ауруханада жатыр.
Бұған дейін 19 маусымда «Тұмар» мейрамханасында өткен тойдан кейін ауруханаға түскендердің саны күрт көбейгені хабарланған еді. 23 маусымға қарай медициналық мекемелерге 113 адам жеткізілген. Ал бір күн бұрын бұл көрсеткіш 102 адам болған, оның ішінде 14 бала бар. Кейбір науқастарға алдын ала сальмонеллез диагнозы қойылған.
Оқиғадан кейін мейрамхана жұмысы тоқтатылды. Жаппай улану фактісі бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы — «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары да жеке тексеру жұмыстарын жалғастыруда.
Материал авторы