Ақтау әкімі 592 млн теңгенің заңсыз жұмсалуы туралы сұраққа жауап берді
Әкім сатып алу рәсімінде заңбұзушылық болғанын мойындап, оның себебін түсіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов тұрғындармен кездесу барысында бюджет қаражатының заңсыз жұмсалуы туралы сұраққа жауап берді. Әңгіме 592 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты болды. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.
Қала тұрғындарының сауалына жауап берген әкім аталған қаражат халықты қыс мезгілінде жылумен қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған жылу пункттерін (АЖП) сатып алуға бағытталғанын айтты.
Сонымен бірге Әбілқайыр Байпақов сатып алу кезінде белгіленген рәсім талаптары бұзылғанын мойындады.
«Иә, бұл жерде сатып алу рәсімдері бұзылды. Әңгіме бір көзден сатып алу туралы болып отыр», – деді Ақтау әкімі.
Оның айтуынша, ашық конкурс өткізу бірнеше айға созылуы мүмкін болған. Ал жылу жүйесіне қажетті құрылғылар қыс мезгілі басталғанға дейін орнатылуы керек болған.
«Егер біз конкурс рәсімдерін өткізсек, оған бірнеше ай кетер еді. Қыста тұрғындардың жылусыз қалуына жол беруге болмайтын еді. Сондықтан жауапты мемлекеттік қызметкерлер осындай шешім қабылдады», – деп түсіндірді қала басшысы.
Ақтау әкімдігінің мәліметінше, аталған қаражатқа 2025 жылы барлығы 170 автоматтандырылған жылу пункті сатып алынған. Олар бірнеше шағынауданда орнатылған.
Атап айтқанда:
– 26-шағынауданда – 42 дана;
– 27-шағынауданда – 38 дана;
– 28-шағынауданда – 40 дана;
– 28А-шағынауданда – 20 дана;
– 29-шағынауданда – 30 дана.
Әкімдік өкілдері бұл жұмыстардың дәл осы жоба аясында қаржыландырылғанын мәлімдеді.
«Бұған дейін аталған үйлерде қысым жеткіліксіз болып, тұрғындар үнемі шағымданған. Сондықтан жағдайды жедел шешу үшін бір көзден сатып алуға тура келді», – деді ведомство өкілдері.
Бұған дейін Бас прокуратура Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының жалпы сомасы 592 млн теңге болатын мемлекеттік сатып алуды бір көзден заңсыз жүргізгенін хабарлаған еді. Шенеунікке қызметтік міндеттеріне толық сәйкес келмейтіні туралы ескерту берілген.
Материал авторы