7908

Ресейдегі жанармай дағдарысы Орталық Азияға жетті: Қазақстан сақтық шараларын күшейтті

Украина дрондарының жаңа шабуылдары Ресейдің мұнай өңдеу инфрақұрылымына қысымды одан әрі күшейтті.

Ресейдегі жанармай дағдарысы Орталық Азияға жетті: Қазақстан сақтық шараларын күшейтті
Miguel Cuenca / pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украинаның дрон шабуылдарынан кейін Ресейде күшейген жанармай тапшылығының салдары Орталық Азия елдеріне де жетті. Әсіресе Ресей отынына тәуелді Қырғызстан мен Тәжікстанда тапшылық байқалып, баға күрт өсе бастаған. Бұл туралы Eurasianet басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, жаз мезгіліндегі сұраныстың артуы жағдайды одан әрі қиындатқан.

Қырғызстан мен Тәжікстан жанармайдың негізгі бөлігін Ресейден алады. Сондықтан Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалып жатқан шабуылдар бұл екі елге ең ауыр соққы болып тиіп отыр.

Қырғызстанда жанармай тапшы

The Moscow Times мәліметінше, Қырғызстандағы жанармай құю бекеттерінде жоғары октанды бензин тапшылығы байқала бастаған. Осыған байланысты билік жанар-жағармай бағасын мемлекеттік бақылауға алған.

Ресей ішкі нарықтағы тапшылықты азайту үшін автомобиль және авиациялық отын экспортына шектеу енгізді. Биылғы алғашқы бес айда Қырғызстандағы бензин мен дизельге деген сұраныстың шамамен үштен екісі Ресейден жеткізілген.

Тәжікстан Ираннан импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр

Тәжікстан билігі әзірге ресми түрде тапшылық барын мойындамағанымен, жанармай бағасының айтарлықтай қымбаттағанын растады.

Asia-Plus агенттігінің мәліметінше, мамырдың соңы мен маусымның ортасы аралығындағы үш аптада төмен октанды бензиннің бір литрі шамамен 9 пайызға қымбаттаған. Дизель отынының бағасы бұдан да жоғары қарқынмен өскен.

Ресей жанармайына толықтай тәуелді ел қазір Ираннан импорттау мүмкіндігін зерттеп жатыр.

Өзбекстан рейстерді қысқартты, Қазақстан сақтық шараларын күшейтті

Өзбекстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы Uzbekistan Airways авиациялық керосин тапшылығына байланысты Ресей бағытындағы рейстер санын азайтқанын хабарлады.

Қазақстанда жағдай әзірге тұрақты. Елдің өзінде мұнай қоры мен өңдеу қуаты жеткілікті болғандықтан, билік бір айдан астам уақытқа жететін жанармай қоры бар екенін мәлімдеді. Бұл ретте Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу 10 шілдеде аяқталады деп жоспарланған.

Соған қарамастан, Қазақстан билігі ықтимал тәуекелдердің алдын алу үшін Қытайдан жанармай сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған.

Ресейдегі тапшылық күшейіп барады

Ресей билігі елдегі жанармай тапшылығын «оңай емес, бірақ бақылаудағы жағдай» деп бағалайды.

Алайда Азат Еуропа/Азаттық радиосының мәліметінше, украиналық дрондардың шабуылдары күшейгеннен кейін Ресейдің кемінде 55 өңірінде жанармай тапшылығы тіркелген. Кейбір қалаларда бұл қоқыс шығару сияқты коммуналдық қызметтердің жұмысына да әсер ете бастаған.

1 шілдеде украиналық дрондар майдан шебінен шамамен 1300 шақырым қашықтықтағы Башқұртстанның Уфа қаласындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасаған. Сонымен қатар Пенза облысындағы зымыран бөлшектерін шығаратын кәсіпорын да шабуылға ұшырады.

Украина президенті Владимир Зеленский дрон шабуылдары жалғасатынын мәлімдеді.

«Украинаның алыс қашықтықтан жасайтын санкциялар жоспары күн сайын жүзеге асып жатыр. Бұл – Ресейдің бізге қарсы әрекеттеріне берілген әділ жауап. Бейбітшілік қажет, мұны Ресей басшылығы түсінуі тиіс», – деп жазды ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Материал авторы