2207

Атырау әкімінің міндетін атқарушы 100 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

Алдын ала мәлімет бойынша, шенеунік жобаны белгілі бір компанияның пайдасына өзгерту үшін 100 млн теңге алды деген күдікке ілінген.

Атырау әкімінің міндетін атқарушы 100 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуов ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап жазды.

Алдын ала мәлімет бойынша, 49 жастағы шенеунікке 100 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдік келтірілген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған қаржы Атырау қаласының кәріз желілерін күрделі жөндеу жобасын белгілі бір компанияның пайдасына түзетуге ықпал еткені үшін берілген. Ақша нысанда қосалқы мердігерлік жұмыстарды атқарған делдал арқылы жеткізілген деген болжам бар.

Қылмыстық іс материалдарында су шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС басшылығының да аты аталады. Компания ірі салық төлеушілердің қатарына кіреді. Мәліметке сәйкес, өткен жылы кәсіпорын бюджетке 2,5 миллиард теңгеден астам салық аударған.

Дереккөздің мәліметінше, резонанс тудырған істі облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Атырау облысының прокуратурасы бірлесіп тергеп жатыр.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ресми органдар күдіктінің ұсталғаны мен іс бойынша өзге де мән-жайларға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор