1224

Павлодар облысының әкімі Ертістің тазалығын дәлелдеу үшін тікелей эфирде өзенге шомылды

Тікелей эфир барысында әкім жағажайдың жағдайын көрсетіп, өзенге шомылып шықты.

Павлодар облысының әкімі Ертістің тазалығын дәлелдеу үшін тікелей эфирде өзенге шомылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желілерде тараған Ертіс өзенінің ластанғаны туралы пікірлерге жауап беру үшін Instagram желісінде тікелей эфир өткізіп, өзенге шомылды.

Өңір басшысы тікелей эфирді Павлодар қаласындағы орталық жағажайдан жүргізді. Эфир барысында ол демалыс аймағының жағдайын көрсетіп, өзен суының ластанғаны жөніндегі ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, Ертіс арқылы жыл сайын шамамен 32 миллиард текше метр су ағып өтеді. Бұл тәулігіне шамамен 80 миллион текше метр су деген сөз. Оның басым бөлігі Қазақстан, Ресей және Моңғолия шекарасындағы Алтай тауларынан бастау алады.

Асайын Байханов өзен суының кейде лай көрінуі ластанудан емес, ағыстың күшті болуына байланысты түбіндегі құмның көтерілуінен екенін түсіндірді.

«Қарасаңыздар, суы жақсы. Ертістің суы өте тамаша», – деді облыс әкімі.

Тікелей эфир барысында өңір басшысы өзен суын жақыннан да көрсетті. Оның сөзінше, күннің жарығы телефон экранын анық көруге кедергі келтіргенімен, судың мөлдір екені байқалады.

Сонымен қатар әкім орталық жағажайдағы демалушылардың көптігіне назар аударды. Оның айтуынша, жағажайдағы 1,5 мың жатын орынның босын табу оңай болмаған.

Өңір басшысы орталық жағажайдың жазғы маусымға толық дайын екенін айтты. Мұнда екі пирс жұмыс істейді, оның бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген. Сондай-ақ балаларға арналған тегін бассейн, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар қарастырылған және демалушыларға көмектесетін еріктілер кезекшілік атқарады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор