БАӘ-ге баратын қазақстандықтарға жеңілдік: жүргізуші куәлігі енді сол елде де жарамды
Қазақстандық жүргізуші куәлігі 25 шілдеден бастап БАӘ-де ресми түрде жарамды болады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандум күшіне енеді.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеніспаевтың айтуынша, құжаттың басты мақсаты – екі ел азаматтарының еркін қатынауын жеңілдетіп, көлік басқару мен жүргізуші куәлігін айырбастау кезінде артық әкімшілік рәсімдерді жою.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Қазақстан азаматтары БАӘ-ге туристік, іскерлік немесе жеке мақсатпен барған жағдайда қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе алады. Дәл осындай мүмкіндік БАӘ азаматтарына Қазақстан аумағында да беріледі.
Сонымен қатар, БАӘ-де тұруға ықтиярхат алған қазақстандықтар жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ айырбастай алады. Бұл жеңілдік тек B және B1 санатындағы (жеңіл автокөлік) жүргізуші куәліктеріне қатысты.
Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін:
БАӘ-де тұруға ықтиярхат болуы;
B немесе B1 санатындағы ұлттық жүргізуші куәлігі болуы;
18 жасқа толуы;
жүргізуші куәлігінің қабылдаушы мемлекеттің мемлекеттік тіліне ресми аудармасы;
медициналық тексеруден өту қажет.
Меморандумға сәйкес, ұлттық жүргізуші куәлігі иесінің өзінде қалады. Екі елдің уәкілетті органдары тек жүргізуші куәлігінің айырбасталғаны туралы өзара ақпарат алмасады.
Ішкі істер министрлігі шетелге шығатын Қазақстан азаматтарына баратын елдің заңнамасы мен жол қозғалысы ережелерін алдын ала зерделеп, оларды қатаң сақтауды ескертті.
Еске салайық, Қазақстан мен БАӘ арасындағы аталған меморандумға 25 маусымда Әбу-Дабиде екі елдің ішкі істер министрліктері қол қойған болатын.
Материал авторы