ӘЧ-2026: Ширек финалдың барлық жұптары белгілі болды
Әлем чемпионатының ширек финалына шыққан сегіз құрама анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алған барлық құрамалар анықталды. Плей-оффтың соңғы күнінде Аргентина мен Швейцария келесі кезеңге өтті.
1/8 финалдың соңғы кездесуінде Швейцария құрамасы Канаданың Ванкувер қаласында Колумбияны пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңді. Негізгі және қосымша уақыт бойы командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай, матч 0:0 есебімен аяқталды. Осылайша, плей-офф кезеңіндегі сегіз жұптың ішінде жеңімпаз тек осы кездесуде пенальти арқылы анықталды. Швейцария құрамасы 1954 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты.
Бұған дейін АҚШ-тың Атланта қаласында өткен матчта Аргентина құрамасы Мысырды 3:2 есебімен жеңіп, нағыз камбэк жасады. Кездесудің алғашқы бөлігінде мысырлықтар басым болды. 15-минутта Яссер Ибрагим есеп ашса, 67-минутта Мостафа Зико айырманы екі допқа жеткізді.
Аргентина тек 79-минутта есеп айырмасын қысқартты. Лионель Мессидің пасынан кейін Кристиан Ромеро мергендік танытты. Айта кетейік, Месси бірінші таймда пенальтиден мүлт кетіп, осы әлем чемпионатында екінші рет 11 метрлік айып добын пайдалана алмады.
83-минутта Мессидің өзі есепті теңестірді. Бұл оның турнирдегі сегізінші голы болды және ол үздік сұрмергендер жарысында көш бастап келеді. Ал жеңіс голын қосымша уақыттың екінші минутында Лаутаро Мартинестің нәтижелі пасынан кейін Энцо Фернандес соқты.
Ширек финал ойындары 9–12 шілде аралығында АҚШ-тың төрт қаласында өтеді.
Жұптар төмендегідей:
Франция – Марокко (9 шілде, Фоксборо);
Испания – Бельгия (10 шілде, Лос-Анджелес);
Норвегия – Англия (11 шілде, Майами);
Аргентина – Швейцария (12 шілде, Канзас-Сити).
Жартылай финал матчтары 14 және 15 шілдеде Арлингтон мен Атланта қалаларында өтеді.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында Солтүстік Америкада ұйымдастырылып жатыр. Турнир ойындарының басым бөлігі АҚШ-та өтуде. Финалдық кездесу 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласындағы MetLife Stadium аренасында болады.
Материал авторы