272

Бектенов әкімдерді сынға алды: Су жобаларының мерзімі неге кешігіп жатыр?

Үкімет су үнемдеу технологияларын жедел енгізуді талап етті.

Бектенов әкімдерді сынға алды: Су жобаларының мерзімі неге кешігіп жатыр?
@KZgovernment

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Премьер-министр Олжас Бектенов Су кеңесінің отырысында өңірлердегі су шаруашылығын жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, бірқатар жобаның мерзімі бұзылып жатқанын мәлімдеді.

Премьердің айтуынша, құны 3,2 триллион теңгені құрайтын су саласын дамытудың кешенді жоспары жергілікті бюджеттердің жеткіліксіз қаржыландыруына байланысты толық қарқынмен орындалмай отыр. 

Олжас Бектенов өңірлердегі бірнеше жобаның іске асуы кешігіп жатқанын атап өтті.

– Өңірлердегі бірқатар жобаның жүзеге асырылуы кешеуілдеп жатыр. Облыс әкімдіктері жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын іс-шараларға басымдық беруі тиіс. Қажетті шығындар уақытылы қарастырылуы қажет. Су ресурстары министрлігі әрбір жобаның мерзімі мен қаржыландыру көлеміне бақылауды күшейтуі керек, – деді Үкімет басшысы.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов соңғы екі жылда елімізде бес су қоймасы мен 1,5 мың шақырым канал жөнделгенін айтты.

Оның мәліметінше, биыл:

тағы 1000 шақырым канал пайдалануға беріледі. Бұл 200 мың гектар жерді сумен қамтуды жақсартады;

сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңғырту бойынша 12 жоба іске қосылады;

500 мыңнан астам тұрғыны бар 142 ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын жеделдетуді де тапсырды. Оның айтуынша, бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. 2030 жылға қарай мұндай технологиялар қолданылатын егіс алқабының көлемі 1,3 миллион гектарға жетуі тиіс.

Қазақстанда Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бірыңғай цифрлық экожүйе бюджет қаражатын пайдаланбай, Еуразиялық даму банкінің гранты есебінен әзірленген.

Қазіргі уақытта жүйеге:

17 758 өзен;

3 148 көл;

1 209 гидротехникалық нысан;

3 927 бақылау ұңғымасы туралы мәлімет енгізілген.

Жүйе ғарыштық мониторинг арқылы су қоймаларындағы су деңгейін автоматты түрде бақылап, трансшекаралық өзендердің есебін жүргізеді. Осыған байланысты Олжас Бектенов Экология министрлігіне көрші елдерден келетін судың сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.

Үкімет отырысында саладағы маман тапшылығы мәселесі де көтерілді.

Алдағы оқу жылында гидротехник және су шаруашылығы мамандарын даярлауға қосымша 1000 білім гранты бөлінеді.

Министрлік мәліметінше, сала мамандарының табысын арттыру да қолға алынған. Соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлерінің орташа жалақысы екі еседен астам өскен.

Материал авторы