168

Ұлытауда кәсіпорын директоры тергеушіге пара бермек болған сәтте ұсталды

Күдікті алаяқтық ісі бойынша өзіне тиімді шешім шығару үшін тергеушіге ақша ұсынған.

Ұлытауда кәсіпорын директоры тергеушіге пара бермек болған сәтте ұсталды
ІІМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысында кәсіпорындардың бірінің директоры полиция қызметкеріне пара бермек болды деген күдікпен қолға түсті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлытау облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері тергеушіге заңсыз сыйақы беру әрекетінің жолын кескен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті алаяқтық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында өзіне тиімді шешім шығару үшін тергеушіге ақша ұсынған. Алайда полиция қызметкері бұл туралы бірден Өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған.

Жедел іс-шаралар барысында күдікті ақшаны беру кезінде қылмыс үстінде ұсталды. Қолма-қол ақша тәркіленіп, ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ІІМ Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін хабарлады.

Ведомство сондай-ақ пара беру Қазақстан заңнамасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері iPhone түрінде пара алғаны үшін сотталған болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор