629

Атырауда өзін аңдыған әріптесін капотта алып кеткен полиция қызметкеріне үкім шықты

Капоттан құлаған ер адам ауыр жарақат алып, біраз уақыт комада жатқан.

Атырауда өзін аңдыған әріптесін капотта алып кеткен полиция қызметкеріне үкім шықты
HALYQSTAN

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда өзін бірнеше ай бойы аңдыды деп мәлімдеген әріптесін көліктің капотында алып кеткен полиция қызметкеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы HALYQSTAN Telegram-арнасы жазды. 

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, 23 жастағы полиция қызметкері Сымбат Танатароваға қатысты сот процесі аяқталды. Бір жылға жуық қоғам талқысына түскен бұл оқиға қорғаушылар тарапынан Қазақстандағы ең даулы сталкинг істерінің бірі ретінде бағаланған. Алайда сот шешімі бойынша кінәлі деп Танатарованың өзі танылды.

Іс материалдарына сәйкес, Сымбат Танатарова мен Қанат Ершан оқу кезінде танысып, кейін екеуі де полиция органдарында қызмет атқарған. Қыздың айтуынша, қарым-қатынас аяқталғаннан кейін бұрынғы әріптесі бірнеше ай бойы оны мазалап, кездесуге мәжбүрлеген, соңынан қалмай жүрген, WhatsApp арқылы балағат хабарламалар жолдап, сөйлеспесе өзіне қол жұмсайтынын айтып қорқытқан.

15 сәуір күні Қанат Ершан Атырауға келген. Күндіз екеуі кездескенімен, әңгіме жанжалмен аяқталған. Сол күні кешке ол Танатарованың үйіне қайта барып, сыртқа шығуын талап еткен. Қыздың сөзінше, ол айғайлап, терезені ұрған. Сол кезде үйде оның кәмелетке толмаған баласы болған.

Көршісінен көмек сұрағанымен, ешкім араласпаған соң, Танатарова көлігіне отырып, есіктерін ішінен құлыптап алған. Осы кезде Ершан көлік есіктерін ашуға әрекеттеніп, әйелдің кетпек болғанын көргенде капотқа секіріп шыққан.

Соған қарамастан көлік қозғалып кеткен. Бірнеше көше өткен соң бұрылыс кезінде ер адам капоттан құлап, ауыр жарақат алған. Оның бас сүйегі, қабырғалары мен бұғанасы сынып, ашық бас-ми жарақатын алған. Кейін комаға түсіп, біраз уақыттан соң ғана есін жиған.

Қорғаушылар Танатарова ешкімге қасақана зиян келтіруді мақсат етпегенін, тек үйінде қалған баласын қауіптен қорғау үшін оқиға орнынан кетуге тырысқанын айтты. Сондай-ақ олар бірнеше айға созылған аңду әрекеттеріне құқықтық баға берілмегенін мәлімдеді.

Алайда сот басқа қорытындыға келді. Үкімде Танатарованың ер адамның капотта тұрғанын біле тұра көлікті жүргізгені және ауыр зардаптың алдын аламын деп есептегені көрсетілген. Осыған байланысты оның әрекеті абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде сараланды.

Сот Сымбат Танатарованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Кейін Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілініп, жазадан босатылды.

Сонымен қатар сот оның әріптесіне моральдық зиян үшін 1 миллион теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.

Ал қорғаушылар сталкинг деп бағалаған Қанат Ершанның әрекеттеріне сот барысында жеке құқықтық баға берілген жоқ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор