426

Қазақстанда талапкерлерге арналған жаңа қабылдау емтиханы әзірленіп жатыр

Қазақстан білімді бағалаудың халықаралық үлгісіне көшуі мүмкін.

Қазақстанда талапкерлерге арналған жаңа қабылдау емтиханы әзірленіп жатыр
gov.kz

Астанада әлемдегі білімді тестілеу және бағалау саласындағы жетекші ұйымдардың бірі – ETS халықаралық ұйымының өкілдері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына жаңа Admissions Insight Test (AIT) қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Зерттеу барысында еліміздегі қолданыстағы білімді бағалау жүйесіне жан-жақты талдау жасалып, халықаралық тәжірибе зерделенді. Сонымен қатар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қажеттіліктері, кадрлық әлеует, бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері және болашақ AIT емтиханының құрылымына қойылатын негізгі талаптар ұсынылды.

Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің тек пәндік білімін ғана емес, академиялық құзыреттерін кешенді бағалауды көздейді. Атап айтқанда, сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, сондай-ақ алған білімін өмірлік жағдайда қолдану қабілеттеріне басымдық беріледі.

Ұсынылған өзгерістер тест тапсырмаларының сапасын арттыруға, олардың тілдік тұрғыдан түсінікті болуын қамтамасыз етуге, әртүрлі тілдегі тест нәтижелерінің салыстырмалылығын сақтауға, бағалау рәсімдерінің объективтілігін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар тест тапсырмаларының қорын кеңейту, емтихан нұсқаларын автоматты түрде қалыптастыру және нәтижелер бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіру мәселелері қамтылған.

Жаңа модельді пилоттық кезеңде сынақтан өткізу барысында қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі бұрынғы тәртіппен жұмысын жалғастырады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі барлық өзгерістер зерттеу қорытындыларына, пилоттық апробация нәтижелеріне, сарапшылардың ұсынымдарына және академиялық қауымдастықтың пікіріне сүйене отырып, кезең-кезеңімен енгізілетінін мәлімдеді.

Министрлік Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сай, ашықтық пен объективтілік қағидаттарына негізделген әрі барлық талапкерге тең мүмкіндік беретін ұлттық білімді бағалау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.