1054

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалды

10 жылға сотталған экс-шенеуніктің шартты түрде босату туралы өтініші қанағаттандырылмады.

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалды
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылмай, жазасын өтеуді жалғастырады. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Нұрлан Таубаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

Бұрынғы шенеунік бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда өткен аптада Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Осылайша Нұрлан Таубаев жазасын өтеуді жалғастырады. Оның жаза мерзімінің аяқталуына шамамен екі жыл қалған. Ол 2022 жылдың мамыр айынан бері түзеу мекемесінде отыр. Бұған дейін екі жылға жуық уақыт тергеу изоляторында болған.

Еске салсақ, 2022 жылдың мамырында Нұрлан Таубаев 185 миллион теңге көлемінде пара алуға оқталғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Кейін ол үкімге апелляциялық шағым түсіргенімен, сот алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор