Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының әрекеті алдын ала жоспарланған аса ауыр қылмыс болғанын мәлімдеді.
Атырауда бүтін бір отбасының өліміне қатысты қаралып жатқан атышулы іс бойынша мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Атырау облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры Мирас Бауыржановтың айтуынша, сотталушының әрекеті алдын ала жоспарланған қылмыстық ниеттің нәтижесі болған.
– Сотталушы Сәрсемәлиевтің әрекетінің салдарынан бір шаңырақтың шырағы мәңгілікке сөнді. Іс бойынша барлық дәлелдер жан-жақты зерттелді. Сотталушы жәбірленушілерге бөтен адам емес, олардың күйеу баласы болған, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың мәліметінше, айыпталушы бұрынғы әйелінің ата-анасы мен туыстарын өлтіріп қана қоймай, кейін олардың банк карталары мен ұялы телефондарын пайдаланып, алаяқтық әрекеттерге барған. Сондай-ақ марқұмдардың зейнетақысын иемдену мақсатында банк шотын ашқаны анықталған.
Мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық кодекстің 53 және 54-баптарына сәйкес айыпталушының жазасын жеңілдететін ешқандай мән-жай анықталмағанын атап өтті.
– Ол алғашқы қылмыстан кейін әрекетін тоқтатпаған. Бұл – саналы түрде жүзеге асырылған қылмыстық жоспар, – деді Мирас Бауыржанов.
Бұған дейінгі сот отырысында прокурор айыптау актісіне өзгерістер енгізіп, интернет арқылы жасалған алаяқтық пен мал ұрлығына қатысты жаңа айыптарды қосқан болатын. Сонымен бірге адам өлтіру баптарының құқықтық саралануы да толықтырылған.
Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев бұған дейін қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті өзін қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеген еді. Алайда мемлекеттік айыптаушы бұл эпизод бойынша ұстанымын өзгертпей, қылмыс қасақана жасалған деген айыпты сақтап қалды.
Сот барысында жәбірленуші тарап айыпталушыдан 70 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді талап етті.
Процесс кезінде іске тіркелген заттай дәлелдер көрсетілді. Олардың қатарында марқұмдардың жеке құжаттары, банк карталары, байланыс құралдары және өзге де айғақтар болды. Сондай-ақ тергеу кезінде түсірілген бейнежазба жарияланып, онда Сұлтан Сәрсемәлиев қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынағасының тағдырына алаңдамағанын айтқан.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті 2024 жылдың мамырында қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті өзі жалдап тұрған үйде өлтіріп, мәйітін үйдің іргесіне көмген. Ал сол жылдың қарашасында ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, денелерін сарайға жасырған. Кейін Мейрамгүл Қарабалинаны Атыраудағы жалдамалы үйге апарып, пышақтап өлтірген.
Тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның бұл қылмыстарға қатысы жоқ екені анықталған. Психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев есі дұрыс деп танылған.
Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңында із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Ал 2026 жылғы 6 қаңтарда Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері сарайдан табылған еді. Кейін тергеу барысында отбасы мүшелерінің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды.
Материал авторы