«Дос-Мұқасан» әншісінің ұлы халықтан қолдау сұрады
Марқұм өнер иесінің ұлы Алматы әкімдігіне шығуға көмектесетін азаматтардан жәрдем сұрады.
Марқұм, «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Бақытжан Жұмаділовтің ұлы әкесінің есімін мәңгі есте қалдыру бастамасын көтеріп, Алматыдағы көшелердің біріне оның атын беру туралы ұсынысына қолдау сұрады.
Ер адам Threads әлеуметтік желісінде қазақстандықтарға үндеу жариялап, бұл бастаманы жүзеге асыруға бірнеше жылдан бері талпынып келе жатқанын айтты. Алайда уақыттың, қаржының және қолдаудың жетіспеуі жоспарын іске асыруға кедергі келтірген.
Оның айтуынша, Бақытжан Жұмаділов бүкіл шығармашылық ғұмырын қазақ мәдениетін әлемге танытуға арнаған. Сондықтан оның есімінің Алматы картасында пайда болуы – өнер қайраткерінің еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет болмақ.
«Мақсатым – Алматы көшелерінің біріне әкемнің есімін беру. Ол қазақ мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттауға зор үлес қосты. Болашақ ұрпақ оның еңбегін ұмытпауы тиіс», – деп жазды ол.
Жазба соңында ол қазақстандықтардан үндеуін таратуға көмектесуді сұрады. Егер алматылық әкімдік қызметкерлерімен немесе қала басшылығымен байланысы бар азаматтар болса, тиісті басқармалар мен комиссиялардың байланыс деректерін ұсынуды немесе жазбаны бөлісуді өтінді.
Желі қолданушылары бастаманы қолдап, өз ұсыныстарын да айтты. Пікір қалдырғандардың бірі көше атауын беру рәсіміне қатысты заңнамалық талаптарды еске салды.
Оның айтуынша, адам қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өтуі қажет. Осыдан кейін қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке өтініш беру арқылы есімді тарихи тұлғалар тізіміне енгізу мәселесін көтеруге болады. Сондай-ақ нақты көше таңдалған жағдайда өтініш сол ауданның әкімдігіне жолданатынын айтты.
Бұдан бөлек, азаматтарға өтінішті eOtinish платформасы арқылы да жолдауға кеңес берілді.
Материал авторы